Экономика

Меморандумға қол қойды

Меморандумға қол қойды

ҚАЗҰАУ ҒАЛЫМДАРЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУШІЛЕРМЕН БАЙЛАНЫСЫН ДАМЫТУДА

Жуырда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақ ұлттық аграрлық университетіне арнайы жұмыс сапарымен келіп, оқу орны ғалымдарымен, ғылыми-зерттеу институттары басшыларымен, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен кездесіп, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы мамандары мен университет арасындағы ықпалдастық мәселелерін дамытуды талқылады. Кәрім Нәсбекұлы университеттегі «Қазақстан-Жапон» инновациялық орталығы, Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандар даярлайтын «Қазақ-Корей» инновациялық орталығы, Су орталығы, Инновациялық жылыжай, оқу және ғылыми-зерттеу зертханаларының жұмысымен танысып, ғалымдармен, білім алушы жастармен пікірлесті. Кездесу барысында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов оқу орнының ғылыми бағыттарын баяндап, аймақтардағы ауыл шаруашылығын өркендетуге қатысты нақты іс-шаралар мен жаңа жобаларға тоқталды. Ректор өз сөзінде университеттің 2002 жылдан бастап ғылым мен өндірісті интеграциялау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп отырғанын айта келе, соңғы бес жылдан бері оқу орнын Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялауға байланысты жүзеге асырып келе жатқан стратегиялық бағыттың оң нәтиже бере бастағанын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік орталығы сияқты еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс аудандарында орталықтар құрып, олардың жұмысына университет ғалымдары мен кафедралардың да қатысып отыруы тиіс екендігіне баса назар аударды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп кешен мен шаруашылық мамандары, аграрлық бағыттағы колледж ұстаз­дары мен кәсіп­керлер Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарымен бірқатар ауқымды инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Осы университетті бітірген білікті мамандар аталған аграрлы өңірдің өркендеуіне ат салысып, аянбай еңбек етуде. Ендігі мәселе, бүгінгі қалыптасқан дағдарыс жағдайында облыстағы агроөндірістік кешен жұмысын аграршы ғалымдардың ғылыми әлеуетіне сүйене отырып алға жылжыту. Университет ректоры Тілектес Исабайұлының айтуынша, қазірдің өзінде облыс, аудан басшыларымен арнайы келіссөздер жүргізіліп, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан жəне Қызылорда облыстарында пилоттық кафедралар енгізу іс-шаралары қолға алынуда. Анықталған жоспар бойынша әр аймаққа қатысты жұмыс тобы құрылып, жауапты ғалымдар бекітілді. Университет басшылығы қазірдің өзінде бір ғана Алматы облысында 6 пилоттық ауданды анықтап, ондағы ірі агроқұрылымдар мен өңдеуші кәсіпорындар базасында 10-нан 20-ға дейінгі аралықта ауыл шаруа­шылығына қажетті білікті маман даярлау мақсатында оқу, ғылыми-өндірістік орталықтар ашуда. Бүгінгі күні университет ғалымдары аймақтардағы фермерлерге тегін кеңес беру және оқыту семинарын ұйымдастыру мақсатында шаруа қожалықтары мен өндіріс орындарына арнайы барып, ғылыми-тәжірибелік көмек көрсетіп, нақты жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда. Атап айтсақ, мал, құс және балық шаруашылығы, шаруашылықты ветеринарлық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері, өсімдік қорғау және карантин, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттары бойынша ғалым мен өндіруші арасында тығыз байланыстар жандануда. Аталған шаралар облыс, аудандардағы ауыл шаруашылығы секторына серпін беріп қана қоймай, Қазақстанның алыс аймақтарында тұратын жас талапкерлерді оқуға тарту үшін мақсатты және көлемді түрде кәсіптік бағдар жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жүргізіліп жатқан зерттеулер мен ұсыныстар еліміздің жаңа экономикалық бағамына сәйкес келеді. Нақтырақ айтсақ, университет ғалымдары жер және су ресурстарын басқару, бағаны белгілеу тетігі, салық және сақтандыру жүйесін жетілдіру, шаруашылық пен кооперациялардың тиімді түрлерін дамыту сияқты мәселелер бойынша сараптамалар жүргізуде. Осы орайда университеттің облыстарда пилоттық кафедра ашуы агроөндірістік кешен субъектілерін білім берумен қамтамасыз етуден туындап отырғанын атап өтуіміз керек. Мұндай бағыттар арқылы ауыл шаруашылығы және мемлекеттік органдар, аграрлық ғылым мен кәсіби білім беру арасында байланысты орнату үшін шаруаларға кеңес беру қызметі жандана түсетіні сөзсіз. Сол себепті кеңес беретін мамандардың біліктілігін арттыру университеттің басты назарында. Жоғарыда аталған кездесу қорытындысы бойынша отандық ауыл шаруашылық, білім мен ғылымның қара шаңырағы сана­латын Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Жамбыл облысы аймақтағы агроөндірістік кешенді дамытуға байланысты бірлескен меморандумға қол қойды.

Алмат МҰРАТҰЛЫ.

Алматы қаласы.

Суретті түсірген Мамыржан БОТАБЕКОВ.