Әлеумет

Оқырмандармен жұмыс ұнайды

Оқырмандармен жұмыс ұнайды

Кітапханашы болу кішкентай кезімнен арманым болатын. 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін кітапханатану және библиография мамандығы бойынша бітірдім. Содан бері Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында еңбек етіп келемін. Жұмыс өтілім – 8 жыл. Мамандығым ұнайды, мен өз ісімді жақсы көремін. Оқырмандармен жұмыс өте қызықты. Оларға қызмет ете жүріп, өзімнің тәжірибемді байыта түстім. Менің қалыптасуыма кітапхана директоры Эльмира Әбдинова бастаған тәжірибелі мамандар ықпал етті. Шынтуайтына келсек, біз, яғни кітапханашылар нағыз рухани байлықтың ортасында отырмыз. Шет мемлекеттер қаламгерлерінің классикалық туындылары да, өз еліміздің мықты қаламгерлерінің көп томдықтары мен жас ақын-жазушылардың еңбектері де кітапхана сөрелерінен табылады. Оқырмандарға қажетті кітабын іздеген кезде бар ынта-ықыласымызбен бірден тауып беруге күш саламыз. Бізге келетін аудитория жас талғамайды. Жастармен қатар үлкен кісілер де ат басын бұрып, рухани әлемнен сусындап кетеді. Әркімнің талғамы әрқалай. Оқырмандардың бірі ресейлік қаламгерлердің туындыларын іздестірсе, бірі Латын Америкасы, Шығыс Азия жазушыларының еңбектерін іздеп келетіні бар. Сағаттап отырып, кітаптан көзін алмай оқитын оқырмандарды көргенде шын қуанасың. Арасында өзің де қажет дүниелеріңді оқып шығып, жан сарайыңды байыта түсесің. Кітап оқу арқылы адамның интеллектуалдық деңгейі артып, білімі жетіле түседі. Өзіне қажетін алған азамат әлбетте жақсы дүниені әр жерде айтып, насихаттап жүреді. Қай дәуірде, кезеңде болсын елдің кітапқа деген махаббаты мен ынтызарлығы ортаймасына жеке өз басым бек сенімдімін. Оған жұмыс барысында көзім жетті. Қорыта айтқанда, мен әдебиет жауһарлары саналатын керемет туындылар топтасқан жинақтарға сөресі толы мекеменің қызметкерімін. Өз мамандығымды жанымдай жақсы көремін. Маған келген әрбір оқырманға әрқашан ілтипатпен қызмет көрсетуге әзірмін. Кітапханаға ат басын бұрып, әдебиет алыптарының дүниелерімен сусындап тұрыңыздар, құрметті оқырман!

Перизат Мырзақұлова, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу залы секторының кітапханашысы.