Әлеумет

Құлан өңірі құлпырып келеді

Құлан өңірі құлпырып келеді

Түгін тартсаң майы шығатын, төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы қасиетті Құлан өңірі өрлеп, өсу, даму үстінде. Бұл жайында Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовтың аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебінде нақты фактілерге сүйене отырып жасаған баяндамасында айтылды. Былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы ауқымды міндеттерді саралаған жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысты.

Өткен қой жылы ел өміріндегі елеулі оқиғаларға толы, бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың жылы болғаны мәлім. Бірлік бар жерде тірлік болатыны, татулық болған жерде табыстың арта түсетіні анық. Бұл ретте өткен жылы аудан бюджетінің кірісі 8656473,9 мың теңгеге орындалып, 125,9 пайызды құрауы – осының айғағы. Оның ішінде өзіндік кірістер 4047168,2 мың теңгені құрап (178,7 пайыз), трансферттердің түсімдері бойынша жоспар 100 пайызға, яғни 4521959 мың теңгеге орындалыпты. Ал ауданның ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 17 миллиард 357 миллион 600 мың теңгені құраған. Атап айтқанда, 13028 тонна ет, (106 пайыз), 23280 тонна сүт (103,9 пайыз), 3799,9 мың дана жұмыртқа (101 пайыз) өндірілген. Бұл ретте мүйізді ірі қара саны 1 пайызға өсіп, 27900 басты құраса, жылқы басының саны 3,3 пайызға артып, 13169 басқа жеткен. Қой-ешкі 338261 басты құрап, өсуі 1,6 пайызды құраса, шошқа саны 22468 басқа жетіп, бірден 26,9 пайызға артып отыр. Құс саны да 102819 басқа жетіп, өсуі 1 пайызды құраған. Өз кезегінде Жарылқасын Әбдіғапарұлы мал қыстату науқанының ысырапсыз өтіп жатқанын айта келе, бұған баса мән беріліп, тұрақты бақылауға алынғанына тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласы жолға қойылған ауданның соңғы жылдары өнеркәсіп саласындағы өркенді істері де көңіл қуантады. Мәселен, 2014 жылы 3 миллиард 806 миллион теңгенің өнімін өндірген құландықтар 2015 жылы өнім өндіру көлемін 5 миллиард 587 миллион теңгеге жеткізген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 123,5 пайызды құрайды. Көрсеткіштің жоғары болуы бүгінгі таңда аудандағы 5 өнеркәсіп нысандарының тұрақты жұмыс істеп тұрғанының нәтижесімен байланыстыруға болады. Бұл ретте «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» ЖШС, «Құлан жолдары» ЖШС, «GOLDEN COMPASS CAPITAL» АҚ, «Қарақыстақ су электр стансасы» сынды өнеркәсіп орындарында 859 жергілікті тұрғынның жұмыспен қамтылып отырғанын айта кеткеніміз абзал. Дегенмен, ауданда газ құбыры тартылмаған 16 елді мекен кезекте тұрғаны көпшілік көкейіндегі мәселе еді. Бұған аудан әкімі «Интергаз» АҚ-ның 1995 жылы салынған АГРС-тің елді мекендерді толық газбен қамтуға қуаттылығы жетпейді. Сондықтан, қуаттылығы сағатына 10000 текше табиғи газ беру мүмкіндігі бар жаңа АГРС-тің құрылысын салу қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте 25 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, дайындалуда деп жауап берді. Аудан әкімінің есепті баяндамасында жолдың жайы да назардан тыс қалмады. Жол экономикамыздың күретамыры деп бекер айтылмайды емес пе? Бұл тұрғыда аудандық маңызы бар көлік жолдарының 52,2 шақырымы немесе 35,5 пайызы жөндеуді қажет етеді. Осы орайда өткен жылы жолды жөндеуге 206,7 миллион теңге бөлініп, оған 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал ағымдағы жылға 235 миллион теңгеге жол жөндеу жоспарланып отыр екен. Дегенмен, жол жөнделгенімен ауданда жол-көлік оқиғасының азаяр түрі жоқ. Былтыр аудан аумағында жүргізушілердің қатысуымен 61 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза болған. Бұл ретте жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың 16,7 пайызға өскені алаңдатады. Дегенмен, ауданда қылмыс едәуір азайған. Айталық, 2014 жылы ұзын-ырғасы 568 қылмыс тіркелсе, өткен жылы 498 қылмыс жасалған. Өз кезегінде жарыссөзге шыққан Абай ауылының тұрғыны, кәсіпкер Рысбек Шекербеков ауылдарында 4 үйдің бірі мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдетілген несие алып, шаруаларын тіктеп жатқанын жеткізсе, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлзат Үкібаева денсаулық саласына жасалып жатқан қамқорлықтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, аудандық саз мектебінің директоры Бердіхан Бабасов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтар атқарылған жұмыстарға оң бағасын бере келіп, ағымдағы жылы табысымыз бұдан да жоғары болуына тілектестіктерін жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімі хатпен түскен сұрақтарға да жауап беріп отырды. Мәселен, кезекте тұрғандарға жер телімі қашан беріледі? Көше жолдарын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау сынды мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілді. Жарылқасын Әбдіғапарұлы есепті жиынды қорытындылай келіп: «Өткен жыл ауданымыз үшін әлеуметтік-экономикалық өрлеу жылы болды. Барлық жетістік пен табыстың басында қажырлы еңбек пен ауызбірлік тұратыны анық. Қашан да, қай кезде де жаңа талап үдесінен шыға білуге тиіспіз. Ал бұған дейінгі шешімін тапқан баянды істер Елбасы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде іске асуының нәтижесі», – деді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, аудан әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, алда атқаратын ауқымды жұмыстарды жүктеді.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.