Әдебиет

Күләш ақынның сәулелі сәттері

Күләш ақынның сәулелі сәттері

Өскемен қаласындағы «Шығыс ақпарат» баспасынан жерлесіміз, қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың «Менің сәулелі сәттерім» атты жаңа кітабы мың данамен жарық көрді. Бұл еңбекке әдебиет майталмандарының Күләш ақын шығармашылығы жайлы әр жылдары жазған пікірлері, ақынмен сұхбаттар және автордың мақалалары жинақталған. Кітап төрт бөлімді қамтиды. Бірінші бөлім «Лебіздер легі» деп аталыпты. Мұнда қазақ әдебиетінің қайталанбас ғажайып өкілдері Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Қадыр Мырза Әлі, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова және Өкім Жайлауов Күләш ақын жайлы әсерлі естелік жазып, оқырманды толғанысқа, көркемдікке жетелейді. Естеліктердің кейбірі осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын жазылуымен де құнды. Жерлесіміздің сол кездің өзінде қазақ әдебиетіне мойындалып үлгергеніне көз жеткіземіз. Ал көрнекті ақындар Хамит Ерғалиев пен Қанипа Бұғыбаева авторға өлең арнап, К.Ахметованың әдебиеттегі шынайы болмысын танытады. «Пайым мен уайым» деп аталатын екінші бөлім ақынмен жүргізілген сұхбаттарға арналыпты. Күләш ақынмен Көпен Әмірбектің, Назерке Жұмабайдың, Гүлзина Бектасованың, Ұлбосын Айтөленнің, Талаптан Ахметжанның, Сәуле Жәнібекқызының, Күләш Рамазанның, Күлпари Жұмағалидың сұхбаттары қазақ әдебиетінің, поэзияның мәселелерін қозғауымен, түрлі тақырыпта қоғамдық өмірге өзіндік көзқарасын білдіруімен бағалы. Үшінші бөлімнің атауы – «Парыз бен парасат». Мұнда ақынның республикалық мерзімді баспасөздерде жарық көрген үздік мақалалары, ой-толғамдары топтастырылған. Мәселен, «Өлең нұры – өмірімнің өнегесі» мақаласында белгілі ақын Мариям Хакімжанованың поэзиядағы, өмірдегі болмысы жан-жақты ашылады. Автор «Сіз ақынсыз әр сәті, әр күні аңыз» мақаласында ғажайып ақын Фариза Оңғарсынова­ның әлеміне терең бойлайды. Тіпті, Фариза болып тыныстап, Фариза болып ой толғайды. Қанипа Бұғыбаева жайлы мақаласы да тереңдікпен, білімділікпен жазылған. Бұл еңбектерден Күләш Ахметованың қазақтың ғажайып ақын қыздарына деген аппақ көңілін, құрметін көреміз. Соңғы бөлім «Жыр-гүлзар» деп аталды. Мұнда автордың әр жылдары қазақ әдебиетінің, өнер, саясат, ғылым­ның алыптарына арнаған өлеңдері енгізілген. Әбділда Тәжібаевқа, Мырзатай Жолдасбековке арнаған өлеңдерінде қазаққа еңбегі сіңген тұлғалардың табиғатын ашып, кесек мінездерін шеберлікпен суреттей білген. Бұл өлеңдердің бәрі ең алдымен Күләш ақынның жазғанымен де құнды. К.Ахметованың барша қазақ қадірлеген ғажайып ақынға айналуына өмірлік жары, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың да үлесі үлкен. Ол жөнінде сұхбаттарында Күләш ақын айтып өткен. Жазарыңыз әлі де көп болсын, Күләш ақын, дейміз!