«Жамбыл жолы» жинағы жарық көрді
«Жамбыл жолы» жинағы жарық көрді
«Оның бір өзі – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің ақыны» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бағалаған Жамбылдың «Жыр алыбы» атануы бекер емес. Жүз жыл жырлаған жүрек қазақ айтыс өнерінің биік шыңы болды. Әр кезеңге ақындық парасатпен, отаншылдықпен көз тастаған Жамбыл ата Ұлы Отан соғысындағы еліміздің жеңісіне де өлшеусіз үлесін қосты. Бір ғана «Ленинградтық өренім» атты өлеңі мыңдаған Кеңес жауынгерлеріне рух бергені, намыстарын жанып, жеңіске жігерлендіргені баршаға белгілі.
Жыр алыбы жайлы қанша рет жазылса да артық болмайды. Жақында Тараздағы «Салық тәртібі» баспасынан майдангер, қаламгер Мүтәліп Ережепбайұлының «Жамбыл жолы» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек Елбасының «Жамбыл – ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Ол – өзінен кейінгі әр ұрпақтың ат басын арнайы бұрып, шөліркегенде тұнық жырларынан сусындар тұма бұлағы» деген сөзімен ашылған. Кітап үш бөлімге жинақталған. Бірінші бөлімінде қазақ әдебиетінің озық өкілдерінің Жамбылға арнаған естелік, өлең, пікірлері қамтылған. Оның ішінде Сәкен Сейфуллиннің, Сәбит Мұқановтың, Ілияс Жансүгіровтің, Әбіш Кекілбаевтың және орыс қаламгері Николай Тихоновтың лебіздері оқырман назарын бірден аударады. Илья Эренбургтың естелігі, жерлес ақындар Жарылқасын Амановтың «Жамбыл ескерткішімен сырласу», Серік Томановтың «Жамбылдың жолбарысымен қоштасуы» тақырыбындағы өлең-толғаулары ешкімді бейжай қалдырмайды, жүрек толқытады. Екінші бөлім Мүтәліп Ережепбайұлының «Жамбыл жолы» көлемді эссесімен әсерлі. Автор мұнда «Жамбыл – ХХ ғасыр Гомері», «Жамбыл Сібір түркілеріне үлгі болған», «Жастық шақ ұрындырған талай жарға», «Отаншыл ақын», «Жапа қалай Жабайға айналды?», «Жиырмадан астам күйі бар», «Жоғарғы Кеңес депутаты», «Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыптарымен жыр алыбының ғажайып қырларын ашуға ұмтылады. Үшінші бөлімде барша қазаққа ерлігімен үлгі болған Қарасай, Көшек батырлардың ержүрек болмыстары бедерленген.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».