25 жыл ішінде Қазақстанға 957 мың оралман келді
25 жыл ішінде Қазақстанға 957 мың оралман келді
1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,6% - Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,2% - Қытайдан, 9,2% - Моңғолиядан, 6,8% - Түрікменстаннан, 4,6% - Ресейден және 3,6% - өзге елдерден оралған қандастарымыз.
Олардың 21,2% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% - Алматы облысына, 13% - Маңғыстау облысына, 9,4% - Жамбыл облысына, 40,1% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.
Елге оралған қандастарымыздың 55,6% - еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері - 39,9%, зейнеткерлер - 4,5% құрайды.
Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Елбасы Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның көші қон мен халықты жұмыспен қамту салаларын әрі қарай жетілдіруді жүзеге асыруға бағытталған «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.
Заңда этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында:
- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;
- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.
- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.