Қазақстанда боранды күндері жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін
Қазақстанда боранды күндері жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін
Қазақстанда боранды күндері қасақана жолға шығатын жүргізушілерге айыппұл салу ұсынылды. Бұл жайында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында белгілі болды.
Жиын барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепехадан боранды күндері жолдардың жабылғанына қарамастан жолға шығатын жүргізушілер қатарының азаймай отырғандығын айта келе: «Мұны тыю үшін Әкімшілік кодекске қандай да бір өзгертулер енгізу көзделген бе?», - деп сұрады.
«Жалпы, бізде полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбаған жағдайда қолданылатын шара бар. Бірақ, оны қолдану өте қиын. Өйткені, ең біріншіден, жүргізушілер өтірік айтады. Олар жақын елді мекенге барамын деп алдап, үлкен жолдарға шығып кетеді. Одан кейін үлкен жолдарды жауып тастау мүмкін емес»,- деді И.Лепеха.
«Мен бірнеше облыстарда болғанымда: «Мұндай жағдайларда біздің азаматтарымызды құтқарумен байланысты материалдық шығындарды талап ету мәселесін қарастыру қажет шығар», деген сауалдар қойылуда. Әрине бұл мәселенің өте күрделі екендігі түсінікті. Сіз дұрыс айтып отырсыз. Дәлелдеу процесі өте күрделі», - деп атап өтті В.Божко өз кезегінде.
Осы ретте Л.Лепеха қар құрсауында қалған азаматтарды құтқаруға кеткен шығын бюджетке салмақ салатын болса, онда азаматтық іс жүргізумен тәртібімен шығынды өндіру туралы сотқа жүгінуге болатынын айтты.
«Біздің басты мақсатымыз жазалау емес, құтқару. Дегенмен мұндай жағдайға бірнеше мәрте қасақана түсетіндер болса, онда қарастыру қажет. Мұны барлық мүдделі ведомстволармен келісу керек», - деп түйіндеді сөзін В.Божко.