Таразда 2015 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі жан басына шаққанда 503 мың теңгені құрады
Таразда 2015 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі жан басына шаққанда 503 мың теңгені құрады
Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров облыс орталығы тұрғындарымен бірқатар есепті кездесу өткізді, жиын барысында өткен жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жайында айтылды.
«Есепті кезеңде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 182,2 млрд теңгені құрады, - деді Н. Календеров. - Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте 122,5 млрд теңге немесе үлес салмағы 67,3 пайыз, электрмен жабдықтау саласы, газ беру бойынша - 57,4 млрд теңге немесе 31,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібі 655,5 млн теңге немесе 0,4 пайыз, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі бойынша 1,4 млрд теңге немесе 0,8 пайыз».
- Қала халқының саны 362 461 адам болған қазіргі шақта, - деп атап өтті Тараз әкімі, өнеркәсіптік өндіріс көлемі жан басына шаққанда 503 мың теңгені құрады. Бұл ретте ең ауқымды көлем химия өнеркәсібінде қол жеткізілді, онда «Қазфосфат» ЖШС өткен жылы 74 млрд теңгеге немесе 109 пайызға өнім шығаруды қамтамасыз етті.
Тұтастай, Тараз қаласының әкімі 2015 жыл сәтті өткенін атап өтті. Өткен жылдың басты және маңызды оқиғасы Қазақ хандығының 550-жылдығын мерекелеу болды. Жаңа нысандар салынып, ескілері жаңартылды. Көшелер, саябақтар көріктендіріліп, инфрақұрылым жаңартылды.
Қалалықтар кездесу барысында тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін уақтылы шешуде, облыс орталығын абаттандыруда қыруар жұмыстар атқарғаны үшін жергілікті билікке алғыс білдірді.
Сонымен бірге, бірқатар шешілмеген мәселелер де сөз болды. Айтар болсақ, көптеген көше тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы өткен жылы газ желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде газ жөндеушілер артынан жолдарды жөндеусіз қалдырғанын мәлімдеді. Газ компаниясы филиалы есепте бәрі қалпына келтірілген деп айтқан болатын. Қала әкімі мәселені қолға алуға уәде берді.