Экономика

Жаңа құрылыс жұмыстары жалғасын табады

Жаңа құрылыс жұмыстары жалғасын табады

Облысымызда құрылыс жұмыстары бұрнағыдай қанатын кеңге жая ала ма? Жаңа жолдар салына ма? Әлеуметтік нысандар салынуының қарқыны қай деңгейде?

Жуырдағы өткізілген брифингте облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырына кіретін үш сала бойынша да алдағы уақытта өңірімізде ауқымды істердің жүзеге асырылатынына көз жеткізіп, көңіліміз марқайып қалды. – Биыл жалпы ұзындығы 301 километрді құрайтын жол жөнделмек. Тараз қаласындағы Барсхан тұрғын жай алқабындағы 9 километрлік жаңа жол табанын төсеу ісі жалғастырылады. Әйтеке би көшесінің бойындағы жолдың толайым жаңартылуы мәреге жетпек. Қалған жол телімдер орта және ағымдық жөндеу жұмыстарымен қамтылады, – деді жолға қатысты сауалға орай басқарма басшысы Рахманқұл Байтелиев. Оның айтуынша, облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес тұрғындар саны 100 мың адамнан асатын жол жағдайы бар елді мекендердің қоғамдық көлік қатынасымен қамтылуын жүз пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, өңірдегі жаңа әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары да аса бәсеңси қоймайды. Биылдың өзінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт бірдей елді мекенде медициналық пункттер салынып, Меркі ауданы мен Қаратау қаласында жаңа емханалар ашылады. Былтыр іргетасы қаланған бес білім беру мекемесі ғимараттарының құрылыс жұмыстары жалғастырылатын болады. Олар – Қордай мен Сарысу аудандарындағы екі балабақша, Байзақ ауданындағы мектеп және облыс орталығындағы балабақша мен мектеп. Үстіміздегі жылы облыста жоғарыда аталған басқарма бойынша құрылыс саласына – 9,4 миллиард, жол саласына 4,2 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Жалпы өңіріміздің туристік кластердің дамытылуына мейлінше қолайлы екені де белгілі. Облыс аумағымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің өтетіні, өткен жылы заманауи стандарт талаптарына сәйкестендірілген халықаралық әуежай салынуы, Жамбыл жерінің оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерді байланыстырушы бірден-бір буын екені де саланың аяғына нық тұруына мол мүмкіндіктер беретіні анық. Қалада туристердің назарын аударып, айрықша қызығушылығын туындататын көрнекі орындар, ескерткіш нысандары да жетерліктей. Өкінішке қарай, бұл іс бізде кенжелеп тұр. Бұған аталған салада жеткілікті деңгейде тәжірибе жинақталмауы да себеп болуда. Дегенмен, бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар енді ғана қарқын ала бастағанға ұқсайды. Мысалы, Тараздағы Төле би көшесінің бойында салынып жатқан қонақ үй кешенінің облыста әзірге баламасы жоқ. Сондай-ақ, бұрынғы Көк базар орнынан еңсе көтерген ірі сауда және ойын-сауық орталығы үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанына қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жуырдағы облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясында еліміздің барлық өңірлерінен жоғары оқу орындарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері, түрлі салалар қызметкерлерінің арнайы бекітілген кестеге сай Жамбыл жеріне келіп, бүгінгі Жәнібек пен Керей ескерткіші, ашық аспан асты мұражайы, кешегі Ақыртас кешені, Айша бибі, Қарахан, Ақ кесене, Көк кесене, Құралай сұлу мазарлары, Қазақ хандығының ту тіккен жері Қозыбасы шоқысы, «Хан тауы», «Хан тағы» секілді тарихи ескерткіш орындарын аралап көріп, танысу сапарларын ұйымдастыру мәселесі тиісті орындармен келісіліп жатқанын айтып қалды. Алда-жалда бұл жоба нақты жүзеге асырылар болса, өңірлерден келетін туристер тобын күтіп алу, шығарып салу, қызмет көрсету, тарихи ескерткіш орындарын аралатумен байланысты қыруар жұмыс орындары ашылатыны айтпаса да түсінікті.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».