Қаракемер халыққа қай жағынан да үлгі
Қаракемер халыққа қай жағынан да үлгі
Аудан әкімі Қайрат Досаев тұрғындармен кездесуін ең шеткері Қарасай ауылдық округінен бастады. Ауылдағы орта мектептің мәжіліс залында өткен есепті жиында аудан басшысы 2015 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, баяндама жасады. Сабақ жүріп жатқанына қарамастан, жиынның мектепте өтуінің өзіндік сыры бар. Өйткені, бұл ауылда клуб жоқ. Тұрғындардың кездесу соңында әкімге қойған көп сұрақтарының бірі осы клуб мәселесі болғаны да сондықтан.
Алдымен ауыл әкімі Жандос Алтыбаев округтің әлеуметтік ахуалын баяндады. Ал Қайрат Досаев жалпы ауданның өткен жылғы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткішіне тоқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен қатар шешімін таппай тұрған мәселелерді сөз етті. Соның бірі – балабақша кезегінде тұрған балғындардың жайы. Елбасы «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартып, сол кезге дейін 100 пайыз балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды тапсырғаны белгілі. Алайда, қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты мемлекеттік бюджет есебінен балабақша салу тоқтатылып отыр. Бұл жұмыс енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жүргізілмек. Сондықтан, аудан әкімі жиында балабақша мәселесін алға тартқан Еңбек ауылының тұрғынына мектепке дейінгі мекемелер ашуға кәсіпкерлерді тарту ісіне ат салысуға шақырды. «Егер ауылдан балабақша ашамын деген азаматтарды біз қолдаймыз. Оған жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз», - деді аудан басшысы жекеменшік балабақша ашудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп. Қарияның айтуынша, ол немересін көрші ауылдағы балабақшаға күнде көлікпен тасымалдайды екен. Сол үшін Еңбек ауылының өз балабақшасы болса дейді. Оның бұл тілегі орынды, әрине. Жиында қарасайлық Қалдыбек Ораздыбаев клуб мәселесін, Асық Уәлиев ауыз су, ағын суға қатысты ұсыныстарын айтты. Ауылды газдандыру жайы да ұмыт қалған жоқ. Аудан әкімі бұл мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруға уәде етті. Қаракемер ауылында өткен жиынға әкімдерден бұрын тұрғындар көбірек дайындалып келгендей көрінді. Жұртшылықтың ауылдағы Мәдениет үйіне көптеп жиылуынан-ақ олардың белсенділігі аңғарылады. Жалпы, қаракемерліктерді қай тұрғыдан да үлгі етуге болады. Елі ауқатты, жастары да, қариясы да кәсіппен айналысып, нәпақасын еңбектен табады екен. Округ әкімі Санатбай Әлиев өз баяндамасында алдымен осыған тоқталды. Қаракемер ауылының талапқа сай білім ошағы мен балабақшасы, ауқымды іс-шаралар өткізетін зәулім Мәдениет үйі бар. Сондықтан, елді мекен тұрғындары бүгінде мектеп пен пошта, дәрігерлік амбулатория мен балабақша мәселесін қаузамайтын болған. Қаракемерліктер енді ұялы телефон байланысының сапасы жақсарып «Отау ТВ» сандық телевизиясы орнатылса дейді. Ауыл ақсақалы Әбікен Сейілханов көпшіліктің осы тілегін жеткізді. Керу ауылының тұрғыны Ж.Сансызбаев ауылға кіреберістегі тозған жолдың жайын қозғады. Сонымен қатар, жұртшылық дәрігерлік амбулаторияға су кіргізілсе, электр энергиясы реттелсе деген өтініштерін айтты. Аудан әкімі Қайрат Досаев қойылған сауалдарға жауап беріп, бұл мәселелердің оңтайлы шешілетініне сөз берді. Сол күні аудан басшысы Масаншы ауылдық округі тұрғындарымен де кездесу өткізді. Масаншыда еңбекқор дүнгендер тұрады. Ауызбіршілік пен еңбектің арқасында ауылдың түтіні түзу шалқуда. Орталық көше қиылысына бүгінде қаладағыдай бағдаршам орнатылған, талапқа сай сауда орындары бой түзеуде. Елімізде, ауыл, аудан көлемінде атқарылып жатқан игілікті істерді көзбен көріп, ой елегінен өткізіп жүрген масаншылықтар аудан әкімінің баяндамасына қанағаттанарлық баға бере отырып, баршаға ортақ жайларды ортаға салды. Мәселен, жол қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, балабақша мен мектеп жанынан жасанды жол кедергілерін орнатуға көмек көрсетуін сұрады. Сонымен қатар, округтегі ұдайы өсіп келе жатқан бала туу көрсеткішін талдап, жаңа перзентхана салу мәселесін алға тартты.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.