Экономика

Тараз қаласы өркендеп келеді

Тараз қаласы өркендеп келеді

ал тұрғындардың талап-тілектері орындалуда

Өткен жыл жалпы облыс қана емес, Тараз қаласы үшін де толайым табыстарға толы болды. Қала жаңа сәулеттік келбетке ие болды. Қазақ хандығына 550 жыл толуы мерейтойының Тараз төрінде аталып өтілуінің де жемісі аз болған жоқ. Құрылыс нысандарының бірқатары жаңадан салынды немесе жөндеуден өтті. Көшелер мен гүлзарлардың ажары айқындала түсті. Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров №2 аумақтық округ тұрғындары алдында берген есебінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында атқарылған игілікті істерге жалпы қор мен еліміздің әр өңірі көрсеткен көмектерден бөлек, демеушілік танытқан бизнес өкілдерінің және қала тұрғындарының қосқан үлесінің маңызы зор болғанын айтып, ауқымды іс-шара қарсаңында қаланың көріктендірілуі мен көгеріштендірілуіне бір кісідей ат салысқан барлық қала тұрғындарына алғыс білдірді. Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, шешімін күткен мәселелердің дер кезінде қаржыландырылып, жоспарлы түрде іске асырылуы қала бюджетінің кірісі мен шығысының сауатты әрі толық орындалуының нәтижесімен байланысты екенін де атап өтті. 

IMG_7241Нұржан Сәбитұлының айтуынша, шаһардың кәсіпкерлік құрылымдары әлеуетін арттыру ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Есепті мерзімде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 миллиард 438 миллион теңгеге 69 жоба қаржыландырылыпты. Сондай-ақ, облыс орталығында екі бірдей заманауи үлгідегі сауда үйі ғимараттарының еңсе көтеруі, бұрынғы «Караван» базары аумағында «MART» ірі сауда ойын-сауық орталығының құрылысы жүргізілуі қалада құрылыс қанатын жая түскенінің де айғағындай. Жаңа нысандар пайдаланылуға берілген кезде қаланың сәулеттік келбеті одан әрі көркейіп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылатыны анық. – Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 689 адамды құрады. Былтыр 8125 адам жұмысқа тұрған, оның ішінде уәкілетті жұмыспен қамту органы арқылы – 5742, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 637 адам жұмысқа орналасты. Басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша 1746 жұмыс орны ашылды. Оның 1246-сы – жаңа жұмыс орны. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында 10 жоба іске асырылуы үшін Ұлттық қордан 1 миллиард 176,8 миллион теңге бөлініп, оның 4 инфақұрылымдық жобасы бойынша 63 адам жұмысқа орналасты. Жыл қорытындысы бойынша мүмкіндігі шектеулі 112 азамат жұмысқа тұрса, оның 42-сі – тұрақты жұмысқа орналасқандар. Алдағы уақытта «Арай» тұрғын алқабында көп пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болса, «Қайнар» тұрғын алқабына газ және электр жүйесі тартылмақ. Мұндай маңызды жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар аясында жалғасын таба беретін болады,– деді Н.Календеров әлеуметтік саланың да жайын қаузап. Сондай-ақ, есепті жиында медициналық мекемелердегі дәрігерлердің саны 1664 болғанымен, оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 дәрігерге кем екені, ана мен баланың, аурулардың жағдайы, білім, мәдениет, спорт, құрылыс салаларына, халықтың баспанамен қамтылуына қатысты мәселелер де егжей-тегжейлі баяндалды. Былтыр сәйкес мерзімдегі есеп беру жиынында айтылған 23 ұсыныс-пікірдің 14-і орындалыпты. Бұл жолы да округ тұрғындары жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алға нақты бағдарлар белгіленетін жиынға айрықша белсенділікпен ат салысты. Мәселен, қала тұрғыны Сейітбек Жұмабек №35 квартал «Толчок» (Тастақ) алқабының жолдарын асфальттап беруді өтініп, «Ауыл–Береке» және орталық базарға қатынайтын қоғамдық көліктің жоқ екенін тілге тиек етті. Панзакүл Ділмағанбетова Сеңкібай көшесінде ауыр жүк көліктері жүруге болмайтын жол белгісі тұрса да, аталған көшемен «КамАЗ» ауыр жүк көліктерінің жүйткуі тоқтамай тұрғанын алға тартты. Жанат Байтенова жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсыныс жасаса, Жамбыл Нұрбаев халық тығыз қоныстанған аумақта май құю бекетінің орналасқанымен қоймай, иесі 60 тонналық 17 цистернаны жердің астына, 6-ауын жердің бетіне орнатып жатқанын айтып, жүргізіп отырған тірлігі заңға сай ма осыны анықтап беруді сұрады. Сондай-ақ, жиында көпшілік тозығы жеткен көшелерді жөндеу, ауыз су жеткізіп беру, спорт және балалар ойын алаңдарын салу тағы да басқа мәселелер бойынша талап-тілектерін жеткізе отырып, әкім есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Қала басшысының есебін тыңдау №9 аумақтық округ тұрғындарының қатысуымен «Алатау» мөлтек ауданындағы №48 орта мектепте де өтті. Жыл бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесі екшелген есепті жиында қала әкімі түрлі салалар бойынша алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстарға да тоқталды. Соның ішінде «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын жай алқаптарындағы №19 және №55, қала орталығындағы №24 мектептерде балалардың үш ауысыммен оқып жатқанын айтып: аталған мәселе түбегейлі шешілетінін жеткізді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазірдің өзінде «Құмшағалда» 300 орындық жаңа мектеп ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал қалған екі мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру 2017-2018 жылдарға белгіленіп отыр екен. Нұржан Сәбитұлы мектептердің материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, оқушылардың жаппай оқумен қамтылуы, демалыс-сауықтыру ісінің ұйымдастырылуы жөнінде де тарата айтып: «Былтыр оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін, 1183 компьютер, 9 жаңа модификациялы кабинет, 4 автобус сатып алынды. 12 оқушыға 1 компьютерден келетін қала мектептеріндегі модификациялы сыныптардың саны 102 бірлікті құрады. Мектепке 3-4 шақырым қашықтықтан қатынап оқитын саяжайлардағы 1613 оқушыны тасымалдадық. Бюджет есебінен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етуге – 150, жазғы демалыс лагері мен сауықтыру орындарына баруы үшін 114,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінде 65 мемлекеттік және 24 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 17 941 бала тәрбиеленіп жатса, өткен жылы балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің тізімін азайту мақсатында 580 орындық екі жекеменшік балабақша іске қосылды. Ал осы жылы бюджет есебінен «Салтанат» мөлтек ауданынан 280 орындық 1 балабақша мен 310 орындық 2 жекеменшік балабақша ашу жоспарда бар», – деді. Сонымен қатар, қой жылы қала бойынша 36 бұқаралық спорттық-көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 12 мыңнан астам спортшылар мен қала тұрғындары қатысқан. Жалпы, жүйелі түрде спортпен айналысушы азаматтардың саны бүгінде қала бойынша 26 пайызды құрап отыр. Тұрғындардың бұқаралық спорт түрімен еркін айналысуына айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанына Дүрімбетов көшесіндегі облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Төле би даңғылы бойындағы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің спорт кешені пайдалануға беріліп, Рахимов көшесіндегі «Атлетик» спорт кешенінің аумағында екі заманауи кіші футбол алаңшаларының салынуы мен Жамбыл даңғылы бойындағы бұрынғы «LL» мейрамханасының қайта жабдықталып, жеке спорт кешеніне айналуы дәлел бола алады. Жиында қала әкімі №9 аумақтық округ тұрғыны Зоя Монастырскаяның өтінішіне назар аударды. Жиында ол «Мейірім» денсаулық орталығының маңына тиісті жол белгісін қою мен қаладағы такси тұрақтарын бір жүйеге келтіруге ықпал етуін сұраған еді. Аталған мәселе жөнінде Нұржан Сәбитұлы жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Сәулебаевқа тапсырма беріп, қалада бұл секілді әлі де талай қолға алатын жұмыстар жетерлік екенін, алдағы уақытта оларды іске асыру бағытында тиісінше жұмыстар жүргізіле беретінін, мұның бәрі де Президентіміздің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жергілікті атқарушы органдар мен әкімдердің алдына қойған міндеттерден туындайтынын, тұрғындар тілап-тілектері орындалуына барынша күш салатынын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті жұмыстардың атқарылуы мен әкімнің қала өнеркәсібін дамыту үшін аталған салаға инвестиция тартуды мақсат етуі жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуымен қатар, салық базасының да кеңейуіне мол мүмкіндік бермек. Сонда, қала қазынасына түсетін салықтар мен түсімдер көлемі артып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері де өзінің оңтайлы шешімін таба беретін болады. Ол үшін әкім атап өткендей, қаланың барлық атқарушы органдары тиянақты жұмыстарды жүзеге асыру жолында аянбай еңбектенуге тиіс.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».