Қауіпсіздік үнемі назарда
Қауіпсіздік үнемі назарда
– Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметінің міндеттерін нақтылап, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ұсақ заң бұзушылықтарға нөлдiк төзiмдiлiк режімiн қамтамасыз етуді, полиция қызметiне шағымданатын азаматтардың арыздарын қарастыратын қоғамдық кеңестер құруды тапсырғаны белгілі. Бұл мәселер Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 30, 31-қадамдарында да көрініс тапқан. Осыған байланысты өңірімізде тиісті шаралар қолға алынды. Жергілікті полиция құру – ішкі істер органын оңтайландыру жолымен жүзеге асады, оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы қызметкерлері, өңірлік және табиғатты қорғау, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктіріледі, – дейді партияның облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова. Басқосуда жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қасым Құлсеріковпен бөлім бастығы Мұрат Байсеркенов, жаңа құрылымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. – Құрылған қызмет ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесінде қалдырылды. Оның қызметкерлерінің қолданыстағы құқықтық мәртебе, қызмет өткеру мен әлеуметтік-құқықтық кепілдіктері сақталады. Жергілікті полиция қызметі құрамына кіретін бөліністердің барлығы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Яғни, бұл тұрғыда аса өзгерістер бола қоймайды. Жергілікті полиция қызметінің басшылары жылына екі рет, жергілікті атқарушы және өкілетті органдар және тұрғындар алдында есеп беріп отырады. Бұл олардың қызметінің ашықтығын көрсетіп, азаматтар тарапынан сенім деңгейін арттырады, – деді Мұрат Байсеркенов жаңа құрылымның ерекшеліктерін түсіндіріп. Ол сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, олардың ұсыныстарын бірлесе жүзеге асыратындықтарын жеткізді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».