«Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»
«Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»
Қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл толып отыр. Егер ақынның көзі тірі болғанда осынау мерейлі жасын зор қуанышпен қарсы алар ма еді, кім білсін?! Бүгінде сыршыл ақынның туған күніне орай еліміздің әр қиырында әдеби шаралар мен жыр мүшәйралары өтіп жатқаны аян. Сондай тағылымды, рухани азық беретін шаралардың бірі деп өзім оқитын Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында өткен «Мұқағали – мәңгілік» атты әдеби жиынды айтар едім. Ақынның көңіл күй лирикалары мектеп оқушыларының мәнерлеп оқуында тыңдармандардың санасын сергітті. Әдеби шара мазмұнды өрбіді. Сондай-ақ, әдеби жиын барысында ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісі бойынша сахналанған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты. Оқушылардың қазақ поэзиясының көрнекті өкіліне көрсеткен құрметінің белгісіндей болған әдеби шараны мектеп ұстаздары, оқушыларымен қатар бірқатар ата-аналар да тамашалады. Мұзбалақ ақынның сөздеріне жазылған әуезді әндер жас өнерпаздардың орындауында шырқалды. Оқушылардың қос дауыста оқыған махаббат диалогтары да ақынның шығармашылығынан сыр шертті, көпшіліктің ықыласына ие болды. Бұл ретте жиынды ұйымдастырған драма үйірмесінің жетекшісі Гүлзира Парманқұлова, ақын өлеңдерін жатқа оқыған оқушылар Әділет Ибадуллаев, Жансая Әнуарбек, Данияр Жақсылық, Данияр Дидарұлының белсенділіктерін айта кету керек. Көрермендерден жақсы бағасын алған әдеби шара Мұқағали Мақатаевтың мұралары мәңгілік екендігін тағы бір айғақтай түскендей болды.
Әсем Әбдімәуленова, Керімбай атындағы №12 мектебінің оқушысы.
Тараз қаласы.