Енді министрлер, әкімдер мен ректорлар жыл сайын тұрғындарға есеп бермек
Енді министрлер, әкімдер мен ректорлар жыл сайын тұрғындарға есеп бермек
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев министрлер, әкімдер мен жоғары ұлттық оқу орындарының ректорларын жыл сайын тұрғындармен есептік кездесу өткізіп тұруға міндеттеді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Азаттық.
Назарбаевтың есептік кездесу өткізу тәртібі туралы шығарған жарлығы бойынша, қорғаныс министрлігінен өзге министрліктер жыл сайын екінші тоқсан кезінде қоғам өкілдерімен аймақтармен видеоконференцияда қосылу арқылы есептік кездесу өткізуі тиіс.
Бұған қоса барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын алғашқы тоқсанда тұрғындармен есептік кездесу өткізуге міндеттелді. Жарлық бойынша, кездесуде әкімдер Қазақстандағы реформалар, өтіп бара жатқан жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жергілікті бюджеттің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тұстарын анықтауға қатысты хабардар етуі тиіс.
Жоғары ұлттық оқу орындарының ректорлары есептік кездесуді жыл сайын үшінші тоқсанда тұрғындар, оның ішінде ата-аналар, студенттер, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық сала және ақпарат құралдары өкілдерімен өткізуі тиіс.