Жаңатастан шыққан жампоз
Жаңатастан шыққан жампоз
жерлесіміз Серік Жаманқұловтың екі голы Қазақстан құрамасын ширек финалға шығарды
Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан шағын футболдан Еуропа чемпионаты қыза түсті. Топтық кезеңнің соңғы кездесуінде шахмат жейделі Хорватия командасына қарсы шыққан Қазақстан құрама командасы қарсыластарынан 4:2 есебімен басым түсіп, ширек финалдың жолдамасын қалтаға салды.
Тартысты өткен кездесуде төрт голдың үшеуін қазақ баласы еншісіне жазды. Дінмұхаммед Сүлейменов бір мәрте мергендігімен көзге түссе, жамбылдық жампоз, анығырақ айтқанда, Жаңатас қаласының тумасы, бүгінде ұлттық құраманың белді шабуылшысы Серік Жаманқұлов осы кездесуде екі мәрте қанжығасын майлап, ұлттық құраманы ширек финалға алып шықты. «Қайрат» командасының сапында УЕФА кубогының иегері атанған Серік Жаманқұлов Жаңатаста бала кезінің өзінде аяқдопқа әуес болған көрінеді. Алматыда жоғары оқу орнында білім алып жүріп, «Қайрат» шағын футбол командасы бапкерлерінің көзіне түскен ол бүгінде қазақ фуболшыларының ішінде танымалдылыққа ие болып үлгерді. Еуропаны дүрліктірген қазақ футболшылары бүгін екі дүркін кәрі құрлықтың чемпионы Италия командасына қарсы алаңға шығады. Ал біз жамбылдық жампоз Серік Жаманқұлов бүгінгі ойында да мергендігімен көзге түсіп, ұлттық құраманың жартылай финалға шығуына мүмкіндік жасайтынына сенеміз. Айтпақшы, Хорватиядан айласын асырған соң әлемдік рейтингте ұлттық құрама он үшінші орынға көтерілді. Құрамында негізінен «Қайраттың» тәжірибесі толысқан, шын шеберлері топтасқан ұлттық құрама ұландары жеңісті жорықтарын жалғастыра беретін болса, ондыққа енетініміз күмән тудырмайды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».