Денсаулық

Америкалық саяхатшы Қытайдағы Алтай қазақтарының тыныс-тіршілігін көріп, таңырқап қалды (фото)

Америкалық саяхатшы Қытайдағы Алтай қазақтарының тыныс-тіршілігін көріп, таңырқап қалды (фото)

pogudx1e7tfuqtuogo.97536006 (1)Америкалық саяхатшы алты жылдан бері Орта Азия елдерінің саятшылық өнері жобасы аясында бүркітшілер туралы мәлімет жинаумен жүр. Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде болған ол Қытайға қарасты Алтай аймағына барып, ондағы қазақ бүркітшілерімен кездесуді армандапты. Ақыры ол тілегіне жетіп, Қытай қазақтары жайлы естелік, әсерлерімен бөлісті.

Ол өзінің Falconry Heritage Trust-тен грант алып, бүркітшілермен кездесіп, әңгімелесу үшін әр жылы жаңа жылдық каникул кезінде құсбегілер мекендейтін өлкелерге барған деп хабарлайды baq.kz.

Қытайға Зайсандағы Майқапшағай кеден бекеті арқылы өткен оны, Қытай шекара қызметі көп тексеріпті. Шыңжаңның батыс солтүстігіндегі Шіңгіл ауданынан не іздеп жүргенін сұрапты. Саяхатшы ол жаққа бармас бұрын жергілікті қазақтардың үнемі қолданатын кейбір сөздерін үйреніп алған. Ал, шекарадан өтер кезде өзіне Қазақстанға қытайдан қоныс аударған оралман азаматтардың көмектесіп, кеден қызметкерлерінің кедергілерінен жеңіл алып өткенін айтады. Өте қонқжай халық деп разы көңілін білдірген ол, Екпін атты қазақтың Көктоғайдағы үйіне шақырғанын, оның Екпіннің еңселі үйінде әр алуан ұлттық тағамдардан дәм татқанын жазады.

Америкалық бері шығарда картаға қараған. Сонда ол Алтайды шағын ғана үйлері бар, ауласында мал жүретін кішкене ауыл ретінде елестетіпті. Ал келген кезде өзінің ойлағанынан мүлде бөлек, заманауи қалашықтарды көргенде таңқалғанын жасырмайды. Әсіресе, қазақ тілін білмейтін қытайлардың топырлап жүргенін бөле айтады.

Ал, жергілікті халық пен қытайлардың мәдениет жақтағы айырмашылығы да зор екенін байқаған. Алтайлық қазақ Екпіннің арқасында Шіңгілдегі жергілікті полицияның тіркеуінен сәтті өткен ол, өзі жолығуға тиісті адамдармен де оңай кезіккен. Шіңгілде қытай ұлттық қауіпсіздік өкілдерінің тексеруіне, қадағалауына жолыққан АҚШ азаматы, ақыры қалада қалағанынша тұруға рұқсат алады. 2 миллион халқы бар Алматының мұражайымен салыстырғанда30 мың тұрығыны бар Шіңгіл аудандық мұражайы оған қызықтырақ көрінген. Ол этнографиялық жәдігерлердің көп, ерекше екенін жақсы бағалайды. Сондай-ақ, Алтайдың ауасы Үрімжі мен Алматының экологиясына қарағанда өте таза екенін айтады. Ал, Алтай қазақтарының ең алғаш қар шаңғы мұрагері ретінде танылғанына да таңданысын білдіреді.

Шіңгілден аттанған саяхатшы Бумаған ауылына барып, құсбегі ақсақалдармен кезігеді. Қазақ ауылының өміріне қызыққан ол әр үйдің алдындағы тошала үйді де сөз етеді. Ауыл тұрмысын, қазақтардың ынтымақты, берекелі екеніне, отбасындағы татулықты ту еткен ерекше өмір салтына таңқалады. Әуелі, бір үйде кім-кімнің туысы, немере ағасы, інісі дегенді анықтау үшін біраз уақыт кеткен. Америкадағыдай жалғыз басты адамның бөлек тұрмайтынын, әр үйде үлкен әулеттің ұрпағы бірге тұратынын зор құрметпен әрі таңқала жазады.

Қазақтың өз қолымен дайындалған ұлттық тағамдарынан дәм тақан саяхатшы ұсақ туралған қуырдақтың да мәнін айтып, сипаттама беріп өтеді.

Құсбегі ақсақал Құрманбекпен әңгімелескен ол, қазақтың саятшылық өнеріне, оның тарихына қатты қызыққанын, өзі үшін көптеген жаңа ақпаратқа ие болғанын айтады. Құсбегі қарттың саят кезінде, аңмен айқаста өлген бүркітінің басын қастерлеп, оны төріне іліп қойғанын да назардан тыс қалдырмайды. Қазақтың түрлі ұлттық бас киім, тымақ түрлерін де санамалайды.

Сол ауылда тұсау кесу тойына шақырылған ол, досы Ерлан екеуі қойдың құлағын жеп, Қаражорғаға билейді. Ең соңында қарт құсбегі Нұрғазымен кезігіп, оның қыран құсын көргендегі әсерімен бөліседі. Сонымен қатар қытайлардың қоршаған ортаны қорғаймыз деген желеумен қазақтың саятшылық өнеріне қатаң шектеу салып, оны белгілі бір үкіметтік шара ретінде ғана жолға қойып отырғанын атап өтеді.

Алтайдағы аз күндік сапарын қорытындылаған америкалық саяхатшы өз жазбасын «Өзінің бай тарихы мен тылсымдығымен ұлы Қытайдағы Алтай бізге осылай көрінді» деп аяқтайды.