Көп тіл білген көптен озады
Көп тіл білген көптен озады
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен өткен есепті жиында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының 2015 жылы атқарған жұмысы қорытындыланды. Басқарма басшысы Ғалия Боранбаеваның баяндамасында айтылғандай, аталған басқарма өз жұмысын «Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы» мен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын», өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізеді.
Өткен жылы тілге қатысты шараларды ұйымдастыруға бөлінген қаражат 6,3 пайызға өскен. «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға 2014 жылы 1691 адам қатысса, былтыр 2861 түрлі сала қызметкерлері қамтылыпты. Облысымыздағы жалпы білім беретін мектептерде 3365 өзге ұлттың баласы қазақ сыныбына барады екен. Өзге ұлт өкілдерінің отбасынан балабақша мен шағын орталықтардың қазақ тобына баратын бүлдіршіндер саны 2708-ді құрапты. Тілдерді оқыту орталығының бөлімшелері 8 ауданда жұмыс істейді. Жалпы тілдерді оқыту орталығы құрылғалы бері 13697 адам курсқа тартылып, төл тілімізді үйреніп шыққан. Өңірде 7691 мемлекеттік қызметші бар. Олардың 93 пайызы мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізе алады. Өкінішке қарай, 96 қызметші қазақ тілін мүлдем білмейтіндер қатарына жатады. Облыстағы аумақтық департамент пен инспекциялардың көпшілігі құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін 100 пайызға жеткізген. Бұл ретте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалы төмен көрсеткіште қалып қойған. Облыстық бюджеттен жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын іске асыруға өткен жылы 3 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілген. «Мемлекеттік тіл – мерейім!», «Тіл – достықтың дәнекері», «Қазақ тілі – ғажап тіл» тақырыбында өткен іс-шараларға тіл үйренушілер көп қамтылған. Аймақтағы журналистиканың бүгінгі деңгейі, жетістігі мен олқылығы тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы бірлесіп өткізген «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл нормалары» атты облыстық семинарда кеңінен талқыланып, сараланыпты. Басқарма тарапынан тіл инспекциясы құрылуы да ерекшелік. Ономастика саласында да біраз мәселелер шешімін тапқан. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай майдангерлердің есімдерін ауыл, көшелер атауларына беру жөнінде 12 ұсыныс түсіп, барлығы мақұлданған. Мұнан бөлек республикалық ономастикалық комиссиясына жолданған 6 ұсыныс та қолдау тауыпты. Сонымен қатар, Шу ауданында атауы жоқ 60 көше анықталып, 16 көшенің идеологиялық тұрғыдан ескірген атауы қайта қаралған. Өткен жылы облыстық бюджеттен көше көрнекі үгіт құралдары 15 миллион 863 мың теңге бөлінген. Алайда, облыс бойынша 70 көше көрнекі үгіт құралдарында қателіктер орын алып, үлгіге сай еместігі анықталған. Үш тілді меңгеру деңгейі де назарда. Облысымызда үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын тілі) меңгергендер үлесі 8 пайызды құрапты. Былтыр орыс тілді курстарда үйренушілер саны 117-ге, ағылшын тілін үйрену курсына баратындар саны 667-ге жеткен. Сондай-ақ, жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, 50 студентті үш тілді меңгеруге баулу жұмысы қолға алынбақшы. Жиында сөз алған Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Сағындық Кенжебаев үш ауылдық округ көшелері көрнекі үгіт құралдарымен толық қамтылып, ағылшын тілін үйренушілер үлесі 8 пайызды құрағанын айтты. Тіл жанашыры Мақұлбек Рысдәулет Жуалы ауданында бір кездері ауыл аттары кілең орысша болса, қазір бәрінің қазақша болғанын үлгі етіп, облыс аумағында «Чу», «Бурное», «Қазбастау» деген қате атаулардың бар екеніне алаңдаушылық білдірді. Тіл үйренуші түрік ұлтының өкілі Гүлзада Рүстемова мемлекеттік тілде сөйлеп, оқыту орталығына алғысын білдірді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов қорытындылап, тілдерді дамыту басқармасының басшысына бірқатар міндеттер жүктеп, басқарманың былтыр атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».