Экономика

Кемшілікке кеңшілік болмасын

Кемшілікке кеңшілік болмасын

Апта басында облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жұмыстары талапқа сай келмейтін жылыту қазандықтары мен оның жұмысын қадағалайтын тиісті тұлғалардың жұмысын өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев қатаң сынға алып, оларды болдырмау және салдарын жоюды ұйымдастыруды өзінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке тапсырған болатын. 

Осыған байланысты Бекболат Серікбекұлы шұғыл штаб отырысын өткізіп, мәселенің мән-жайын кеңінен талқылады. Облыста орын алып отырған негізгі мәселелерді облыс әкімдігі энергетика және коммуналды-шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев баяндады. – Облыстағы орталықтандырылған жылу көздерінде жылыту маусымы тұрақты өтуде, қуаттылығы сағатына 100 Гкал-ға дейінгі қазандықтардың штаттық режімде жұмыс істеуі жан-жақты қаралып, тексерілуде. Анықталған кемшіліктер бойынша барлық аудандарда жұмыстар ұйымдастырылуда, соған қарамастан, әлі де кемшіліктер орын алып отыр. Мысалы, Қордай ауданы, Қарасай ауылдық орта мектебінде температуралық режім сақталмайды, қазандығында дизель генераторы жоқ. Сортөбе ауылындағы білім беру мекемесінің қазандығы жаңадан салынған, бірақ, баламалы отында жұмыс істейтін резервті қазан және сораптар қарастырылмаған, түтін сорғышы жұмыс істемейді. Жалпы, Қордай ауданындағы қазандықтардың көпшілігінде түтін сорғыштар және циклондары жоқ. Параметрлерді тіркейтін режімдік журналдар жүргізілмейді және журналдар болған күнде де шартты түрде. Шу ауданы, Қонаев ауылындағы Төле би атындағы орта мектептің көмір сақтайтын бастырмасы жоқ, операторлардың біліктілігін арттыру қажет. Сарысу ауданы, Абылай хан атындағы білім ошағы жылуды орталық қазандықтан алады, алайда, элеватор қорабындағы орнатылған жылу өлшегіш аспабы жұмыс істемейді, сол себептен жылу ақысы тариф бойынша төленуде. Абай орта мектебінің дәлізіндегі температура 12 градусты көрсетіп тұр, мұны мектеп директоры жылу батареяларының аздығымен түсіндірді. Ал көмір толығымен бастырмаға кіргізілмеген, параметрлерді тіркейтін режімдік және нұсқама журнал жүргізілмеген, курста оқығаны туралы рұқсат хаттамасы болғанымен, от жағушы өз міндеттерін толық білмейді, тежегіш қақпақтардың орналасқан жерін және іске қосылуын көрсете алмады. С.Сейфуллин атындағы оқу ордасындағы анықталған кемшіліктердің жалпы сипаты осындай. Ақтоғай орта мектебі қазандығында орын алған кемшіліктер бойынша мектеп директоры мен операторларға қатаң сөгіс және ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылған, бірақ кемшіліктердің жойылғаны туралы ақпарат жоқ. Сондықтан, мәселе қайта қарауды қажет етеді. Т.Рысқұлов ауданындағы жағдай да дәл осындай. Әкімдік тарапынан анықталған кемшіліктерді жою туралы нақты мәлімет берілмей отыр. Осыған байланысты, мұнда да мәселе қайта қарауды қажет етеді. Талас, Жуалы, Байзақ аудандары бойынша анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру, қазандықтарға бақылау-өлшеу құралдарын сатып алып, орнату жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, барлық кемшіліктер бойынша нысандардағы жауапты тұлғаларға тәртіптік жазалар берілуде.  Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары баса назар аударған тағы бір мәселе – мекемелердің дебиторлық берешектері болды. «ЖамбылЖарық Сауда-2030» ЖШС-ның берген ақпаратына сүйенсек, 2015 жылдың 31 қаңтарына дейін тұтынылған электр энергиясына жалпы берешек 196,3 миллион теңгені құрайды екен. Оның ішінде, Тараз қаласындағы көшелерді жарықтандыруға – 37,0 миллион, Талас ауданы басқа шаруашылық нысандары – 13,5 миллион, Жуалы ауданы білім беру бөлімі – 6,1 миллион, Сарысу ауданындағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын нысандар – 3,3 миллион, «Тараз-Су» – 2,6 миллион, Т.Рысқұлов ауданы басқа да шаруашылық нысандары – 2,2 миллион, Меркі ауданы білім беру бөлімі – 1,9 миллион, «Қордай-Су» мекемесі – 1,8 миллион, «Жамбыл-Жылу» мекемесі – 1,1 миллион, «Құлан – Тазалық» мекемесі – 1,0 миллион, Шу ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің – 1 миллион теңге қарыздары бар. Ал ағымдағы жылдың 2 ақпанына тұтынылған табиғи газға энергетикалық компаниялардың қарызы 1 миллиард 98 миллион 948 мың теңгені құрапты. Олар «Таразэнергоорталығы» – 559,86 миллион, «Жамбыл-Жылу» – 64,93 миллион, «Темір жол – Жылу» – 8,092 миллион, «София» – 1,803 миллион, «Құлан-Тазалық» – 3,376 миллион, «Жамбыл ГРЭС-і» 460,884 миллион теңге болса, бюджеттік ұйымдардың табиғи газға берешегі 11,821 миллион теңгені құраған. Меркі ауданы – 10,23 миллион, Тараз қаласы – 11,8 миллион, Жаңатас қаласы – 0,6 миллион, Қаратау 2,8 миллион теңгенің табиғи газына берешектерін әлі өтемеген. Сондай-ақ, жылу энергиясына тұтынушылардың 3 айдан аса уақыттан бері қалыптасқан дебиторлық берешегі 57,6 миллион теңгеге жеткен. Миллиондаған қарыздарды естіген Бекболат Серікбекұлы әр мекеме басшысын жеке-жеке жауапқа тартып, мәселені жуық арада шешуді қатаң тапсырды. Селекторлық режімде өткен жиынға барлық ауданның тиісті мамандары да қатысып, әрқайсысы есеп берді. Аталған жиында, сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу шараларының жүргізілу барысы мен оларды тіркеудің жаңа электронды нұсқасы туралы да сөз болды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».