ЭКСПО– ел мәртебесі
ЭКСПО– ел мәртебесі
халықаралық көрмеде астананың абыройы асқақтай түседі
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы 6 желтоқсанда ЭКСПО халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты сөйлеген сөзінде: «Астанада жаңа көрме кешенінің құрылысы үшін жер белгіленді. Бұл Қазақстандағы тағы бір «халықтық құрылыс» болмақ. Бес жыл тез өте шығады» деген еді. Расында, уақыт тез өткенін байқамай да қалдық. Елорда төрінде өтетін халықаралық шараға бір жыл ғана қалды. «ЭКСПО-2017» көрмесінің еліміздің тарихында ерекше орын алары айқын. Бұған дейін халықаралық көрме АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай және басқа да мемлекеттерде өткізілгені мәлім. Тізімге көз жүгіртсеңіз, экономикасы дамыған, қуатты мемлекеттер. Солардың қатарына біздің мемлекетіміздің де аты жазылатыны бізді қуантады. Бұл – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Әрі экономикамызды дамытуға серпін беретін тамаша мүмкіндік деп бағалауымыз керек. Себебі, мұндай әлемдік шараны өткізу – үлкен жауапкершілікті талап етумен қатар, Қазақстанға елеулі табыс әкеледі. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиетінің арқасында біз халықаралық форум өткізу мәртебесін тәжірибесі мықты Бельгияның Льеж қаласын жеңіп алдық. Сол арқылы әлем назарын аудардық. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі сарапшы мамандардың Қазақстан туралы, оның келешегі жайлы зерттеу-сараптау жүргізуіне түрткі болды. Ал ол зерттеулер шетел инвесторларының қызығушылығын туғызды. Қазір біздің алдымызда бір ғана мақсат бар. Ол – әлемдік шараны жоғары деңгейде өткізіп, көздегенімізге қол жеткізу. Сондықтан, осы көрмені өткізуге барша қазақстандықтар ат салысып, белсенділік танытады деп ойлаймын. Себебі, еліміздің көркейіп, Астанамыздың айбыны асқақтай түскені – бәрімізге ортақ абырой. «ЭКСПО-2017» көрмесіне шамамен 5 миллиондай шетелдіктер келеді деп күтілуде. Көрме тақырыбына көп елдің таңдай қағып тамсана қарауы да іш жылытады. Бізге келген әр ел өз павильондарын көрме тақырыбы – «Болашақтың энергиясына» сәйкестендіріп дайындамақ. Бұл жасыл экономиканы дамытуға зор үлесін тигізетін болады. Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің маңызы зор.
Манарбек КӨШКІМБАЕВ, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Мойынқұм ауданы.