Ақын мұрасы – ұрпақ игілігі
Ақын мұрасы – ұрпақ игілігі
Бүгінгі қазақ әдебиеті тарихында Абай мұрасына байланысты «Абайтану» деп аталатын пән саласы қалыптасып, даму үстінде келе жатыр. «Абайтану» – ұлы ақын мұрасын жан-жақты тереңдей зерттеу, оның барлық салалары бойынша ғылыми еңбектерін тереңірек оқытып, таныстыратын сала.
Ал мектеп оқушылары абайтану тарихында жинақталған дерек көздері мен ғылыми жұмыстарын, ғалымдардың зерттеу еңбектерін танып-білу арқылы ой қорытып, болашаққа бастау алуда. Мектебімізде Абайды сүйіп оқитын дарынды балалардан А. Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына байланысты оқушылар арасында үлкен кеш өткізу жайында ұсыныс түсті. Әрине, бұл – жас ұрпақтың қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігі. Тарих пен әдебиетті ұштастыра білген көзі ашық жас ұрпақтың бұл өтінішін мектеп директоры Айнұр Ботамқұлова қолдап, мектебімізде «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты үш бөлімнен тұратын Абай оқулары өтті. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» тақырыбындағы мәнерлеп оқу бөлімі бойынша 8 «Ә» сынып оқушысы Ұлбике Амангелді, 7 «Г» сынып оқушысы Дильназ Наурызқұлова, 9 «А» сынып оқушысы Нұрай Мұсұлманқұлова, «Жыр жазамын жүректен» бөлімі бойынша 9 «Б» сынып оқушысы Аружан Тынышбай, 8 «Ә» сынып оқушысы Нұрсұлтан Расулов топтан озып: Ұзағынан болса екен азат күн, Бүгінгі күн мамыражай, ғажап күн. Мұның бәрі бабалардың арқасы, Егеменді ел болғаны Қазақтың, - деп ел егемендігінің тарихтан бастау алғандығынан хабардар болса, енді біреулері: Орынсыз мақтану мен күншілдікті, Еріншектік, көрсе қызар, жамандықты. Адамзаттың тоздырар ақыл ойын, деп Абай қара сөзде келтіріпті, – деген жолдармен Абайдың қара сөздерін терең ұғынып, сүйіп оқитындарын білдірді. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген халықаралық ғылыми конференцияда белгілі абайтанушы М. Мырзахметұлы: «Біз Абайды ұлы дейміз, бірақ, ұлылығын дәлелдей алмай жүрміз», – деген екен. Әдебиет пен тарихтың парқын білген дарынды, білімді, ойы ұтқыр, өмірге көзқарасы биік жастар ата-баба аманатын жалғастырары сөзсіз. Себебі, бүгінгі жастар ертеңгі тұғыры биік елдің иесі емес пе?!
Патима ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
№47 орта мектеп директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы.