Әлеумет

Адамдарға шуақ сыйлаған

Адамдарға шуақ сыйлаған

Эльмира Көмекованың есімі тараздық дәрігерлер қауымына жақсы таныс. Ол ғұмырының 20 жылын дәрігерлік қызметке арнап, сырқат жандардың денсаулығының жақсаруына себепкер болумен келеді. Қазіргі таңда қаладағы №5 емханада эндокринолог-дәрігер болып еңбек етеді. Эльмира Тұрсынқызы 1995 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының (қазіргі С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медициналық университеті) емдеу ісі факультетін бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы «Инсулин» ЖШС-нда бастады. Одан әрі №2 емханаға ауысып, табан аудармай 11 жыл еңбек етті. Соңғы үш жылдан бері №5 емханада жұмысын жалғастыруда. Бұл күнде І санатты дәрігер, үш баланың анасы. «Жұмысымыз жеңіл емес. Біздің емханада қант диабеті және зоб аурулары бойынша 1 мыңға жуық тұрғын есепте тұрады. Тәулігіне 40-50 адам қабылдаймыз. Күн сайын қарбаласып, бір сәт тыным көрмейміз. Уақытпен де санаспаймыз. Біз алдымызға келген науқас кісілерді барынша жылы қабақпен қарсы алып, ем қолданып, дәрігерлік кеңесімізді айтуға міндеттіміз. Емхана бас дәрігері Шолпан Иманбекова да қабылдауымызға келген науқас кісілерге дөрекі сөйлемеуімізді, қызметімізді жылдам әрі сапалы көрсетуімізді үнемі ескертіп, қадағалап отырады», дейді дәрігер ағынан жарылып. Эндокринолог-дәрігер жұмысын жеңілдетуде мейірбике Алма Серікбаеваның үлесі мол. Ол – Жамбыл медициналық колледжін тәмамдаған. Салада 17 жылдан бері жемісті еңбек етумен келеді. Қала тұрғындары №5 емханадағы эндокринолог кабинетінің қызметіне дән риза. «Құдай қолдарына дерт бермесін» дейді. Қант диабетімен ауыратындар ине егу арқылы емделеді. Бұл аурудың өзі көбінесе қан құрамындағы инсулиннің жетіспеушілігінен болады екен. Аурудың бұл түрімен ауыратындар дәрігер кеңесіне көбірек құлақ асып, режім ұстап, физикалық тұрғыда көп қозғалыс жасаса, соғұрлым өзін сергек сезінетін көрінеді. Біз өз істерін мақтан етіп мамандығына адалдық танытып отырған қос замандасқа риза болдық.

Есет Досалы,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.