Мемлекет қамқорлығында шек жоқ
Мемлекет қамқорлығында шек жоқ
Зейнетақы мөлшері инфляцияға, басқа да индексациялау талаптарына сәйкес мемлекеттік республикалық бюджетті жоспарлау барысында қабылданып, жылма-жыл өзгертіліп отырады. Тек оның орташа республикалық көрсеткіші әр жылы әрқалай болуы мүмкін. Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстеуді тапсырды. Бұл тұрғыда статистикалық мекемелер тарапынан алынған мәліметтер де ескерілді. Инфляция деңгейі биыл 7 пайыз болады деп күтілуде. Соған сәйкес, зейнетақыға екі пайыз қосылып, алдын ала 9 пайызға көбейтіліп, төленуде. «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2016 жылдан бастап тағайындалатын зейнетақының ең төменгі мөлшері толық еңбек өтіліне қарай (ер кісілер үшін – 25, әйелдер үшін – 20 жыл) – 25824 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 11 965 теңге болып белгіленген. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғары табыс 41 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең. Ал айлық есептік көрсеткіш 2121 теңгені, 2016 жылдың 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерін жаңадан есептеуге арналған ең жоғары табыс 86961 теңгені құрайды. Жолдауда айтылғандай, биыл мүгедектігі мен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға (күнкөріс деңгейінің еселік қатынасына) көбейтілді. Мысалы, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жалпы аурудан 1-топ мүгедектеріне күнкөріс деңгейінің 1,42 мөлшері тағайындалып келсе, ол енді 25 пайызға көбейіп, күнкөріс деңгейінің 1,78 мөлшерін құрады, яғни осы күнге дейінгі тағайындалған 30337 теңгенің орнына 40690 теңге алады. Күнкөріс деңгейі де 21364 теңгеден 22859 теңгеге дейін арттырылады. Сондықтан, биылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемінің нақты арттырылуы былтырғы мөлшерлеріне қатысты 34 пайызды құрап, күнкөріс деңгейінің еселік қатынасы 25 пайызға тағы да көбейіп отыр. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 4917 теңгеден (1 еңбекке жарамсыз отбасы мүшесімен) 12127 теңгеге дейін (6 және одан да көп жарамсыз отбасы мүшесімен) арттырылады. Мысалы, бір балаға 14742 теңге алып келгендер 1 қаңтардан бастап 19659 теңге алатын болды. Сондай-ақ, айлық есептік көрсеткішке сәйкес, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері де көбейтіледі. Елбасы Жолдауында биылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің айлық жалақысы орташа – 28, білім беру – 29, әлеуметтік қорғау – 40 пайызға, «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсетінін атап көрсетті. Аталған қызметкерлер үшін тиесілі бұл айлық жалақылар есептеліп, төленіп жатыр. Мұның барлығы да Елбасы алға қойған міндеттердің нақты іс жүзіне асырылуы екені анық. Дағдарыс бүкіл әлемді шарпып жатқанына қарамастан, өздеріне осындай әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырғаны үшін елдің Елбасына айтар алғыстары шексіз. Халқымыз үшін мешін жылы да мерейлі, жайлы жыл боларына сенімдіміз.
Әлімқұл ТҰРЫСОВ,
еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы.