Туған жерге тағзым
Туған жерге тағзым
ауыл тұрғындары ақын Әдібай Табылдиевпен кездесті
Халықтық этнопедагогика өкілі, профессор, балалар әдебиетінің бағбаны, ақын Әдібай Табылдиев 90 жасқа толды. Ол кісі – біздің ұстазымыз. Жақында Әдекең өзінің балалық шағы өтіп, кіндік қаны тамған «Бойжотасына» барып тәу етті. Абыз өзімен бірге көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, қазақ балетінің жарық жұлдызы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, немересі Досжан Табылдыны, ұлы Бақытжан мен келіні Үржамалды да ерте келіпті. Торқалы тоқсан жасқа келсе де шайырдың жүрісі ширақ, жазуынан жаңылмаған. 567 беттен тұратын рубаилары мен бәйіттерін Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан шығарып, «ақжолтай жаңалығым» деп, өзімен бірге ала келгені де көңіл қуантты. Иә, қазақ поэзиясында, оның ішінде балалар әдебиетінде Әдібай Табылдының алатын орны бөлек. Ол кісі – өндіре жазған қаламгер. Өзі оқытушы-профессор бола жүріп зейнетке шыққанша еңбек еткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірге жұмыс істеген ақиық ақын Қадыр Мырзалиев Әдекеңді «Балалар әдебиетінің классигі» десе, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қуандық Шолақ: «Журналист біткен Шерағаңның шекпенінен шықса шыққан шығар, ал мен Әдекеңнің шекпенінен шыққанмын. Ол кісі болмаса мен ақын болар ма едім» деп толғанады. Біз Әдекеңнің әр сабағын асқан бір ықыласпен, үлкен зейінмен тыңдаушы едік. Өйткені ол кісі ашық сабақ өткізетін кезде өзімен бірге қара домбырасын ала келетін. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтқанда немесе Құрманғазының күйін шерткенде Ғарифолла сияқты бүкіл денесі қимылдап, тыңдаушысын ынта-шынтасымен өзіне баурап алатын. Бұл жолы да солай болды. Тоқсанды алқымдаған абыз қолына домбырасын алып «Пай-пай, жиырма беске» басқанда залға жиналған көпшілік ризашылығын білдірді. Ол кісі ілгеріде жаңа мектептің жанындағы мектеп ғимаратын салғызған. Құлбарақ ата іргесін қалатқан ескі мектепте де балаларға дәріс берді. Кеште Әдекеңнің көптеген өлеңдері оқылды. Шайыр бойына сіңген кішіпейілділігі мен сыпайылығын кішілерге де көрсетіп жатыр. Өлең оқыған мектеп оқушыларына қолтаңба қалдырып, кітабын ұстатып, ақ батасын жаудырды. Одан артық қандай ілтипат, мейірім болады десеңізші?. Әне, бір бүлдіршін ақынға арнаған өзінің өлеңін оқыды. Тәй-тәй басқан шумақтарға қарт ақын үстірт қарамапты, кітабына: «Талабыңа нұр жаусын, күнім» деп жазып, қолтаңба беріпті. Кеште жүрек шымырлатып, сезім тербетер естеліктер көп айтылды. Ұстаздың шәкірті, тарихшы-өлкетанушы Бекқұлы Әлі: «Адам баласының санасында өсиет мәңгі жасайды. Қазір мына бүлдіршіндер Әдібай сынды ақын аталарының көзін көріп, ол кісінің жүрекжарды лебізін тыңдап отыр. Атаның айтқан өсиеттері балалардың жадында жазылып қалады. Мен соған сенемін», – деді. Кеш соңында абыз ақынның иығына шекпен жабылды. Ал аудандық мәслихат депутаты, Жаңатұрмыс ауылының атпал азаматы Қәдірбек Құлбарақов шайырдың астына арғымақ мінгізді. Ақын ауылынан қанаттанып аттанды.
Сейсен Қожеке, журналист.
Тұрар Рысқұлов ауданы.