- Advertisement -

Адам жанының сәулетшісі

127

- Advertisement -

жазушы Елен Әлімжан шығармаларының көркемдік қуаты неде?

Жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан шығармашылығын әлдекімге жаңалық қылып айтып жатудың өзі артық. Әдебиет пен өнерді бағалайтын жұртшылық оның прозасын оқыды, пьесаларын театрдан көрді, «Егемен Қазақстан» газетінен бастап облыстық «Ақжол» газетінің бетінде жарияланған танымдық-тағылымдық мақалаларын оқыды деп білеміз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы.

Қаламгердің шығармашылығы­нан автордың өзі публицистика­сында жиі айтатын Кісілік аңғарылады. «Әдебиет – ардың ісі» деп терең сезінген жауаптылық байқалады. Бәлкім, оның журналистикада көп жылдар бойы өнімді еңбек жасағанмен, әдебиетке кешірек бетбұрыс жасауында да осы себеп жатқан шығар. Кезінде театрларда қызу қойылған драмалық туындылары да (комедиялары мен тарихи пьесалары) булығып келіп, бір-ақ түйдектеліп дүниеге келген туындылар тәрізді көрінеді. Қалай дегенде де, Е.Әлімжан алғашқы әңгімесі студенттік жылдары жазылғанмен, журналистикада көбірек аялдаңқырап барып, әдебиетке ішкі дайындықпен, жауапкершілікпен келген қаламгер.
Кезінде автордың 2000 жылы Алматы­дағы «Білім» баспасынан шыққан «Көріпкел» атты әңгімелер, повесть жинағына баспасөз бетінде пікір білдіргенбіз. Кейін «Ақжол» газетінде жария­ланған «Баймырза» әңгімесіне арнайы мақала жазғанымыз бар. Жақында оның шығармаларын тағы қайыра оқып шықтық.
ХХ ғасырдың 90-жылдары қазақ қоғамында қиын кезең болды. 70 жыл бойғы кеңес шаруашылығы ыдырап, жаңа шаруашылық еңсесін көтере алмай, халық әрі-сәрі күй кешті. Сол кездері «демократия» деген сөз өктем шықты. «Команда» деген сөз санамызға сіңді. «Әкімнің добы» әңгімесінде автор сол тұста белең алған қоғамдық психологияны Жартыбек пен Ширекбектің өзара қақтығысты сөздері арқылы әдемі өрнектейді. Жартыбек пен Ширекбек ауыл арасындағы ағайыншылдық санадан арыла алмаған жартыкештер. Әңгіме соңындағы Жартыбектің күн астында қараусыз қалып ашып кететін ыдыстағы сүті де, алған бетінен қайтпай аялдамада қаздиып тұрып қалған Ширекбектің қойнындағы жаңа бастықтың үстінен жазылған арыз да оқырманға тұспалдап көп нәрсені аңғартатын көркем детальдер. Рушылдық, жік-жікке бөлініп алып, бірін-бірі түртпектеу, аяқтан шалу, не қолдан тұлға жасап, жалған мақтанға ұрыну – қазақ қоғамындағы әлі күнге дейін айықпаған дерт. Осы тұрғыдан келгенде, әңгімеде сатиралық сипат байқалады. Ұлы Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде болыс өзін-өзі әшкерелейтін болса, Жартыбек пен Ширекбектің өзара тәжікелесі мен жанға батқан «мұңынан» олардың шын тұрқы көзге елестейді.
Адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас, жымын білдіртпей орға итеру («Рекеңнің «жолы»), албырт жастықтың байсал тартуы («Берікбай-Бекентай-Бекен»), мансап пен өктемшілдіктің күші («Коммунизм маршы»), тұрақсыздық пен жүректің жаралануы («Қара көздер») тәрізді өмірдің түрлі жайлары мен көріністері жазушының бірқатар туындыларының өзегіне айналған.
Автордың «Төрткүлде» әңгімесінің әлеуметтік салмағы басым. ХХ ғасырдың 30-жылдарының басындағы зұлмат ашаршылықтан сыр шертетін туынды өткенді естен шығармауға шақырады. Ауру мен ашаршылық бойындағы бар қуатын сарп еткен шеше күйеуіне баласын құтқаруды аманаттайды. Мұның алдында үлкен ұлы мен қос бірдей қызынан шешек пен ашаршылық қосылып айырылған ананың ақырғы тілегі осы. Жолға шығар алдында үзілген әйелін «Төрткүл» қорғанының бір бөлмесінде қалдырған әке мен бала жолға шыққанмен, барар жеріне жете алмайды. Аштық меңдеп, үсті-басы су болған бала жүруден қалады. Әке қоянсүйекті талдап сындыра отырып, арасына жұмсақ ақтаспа қосып, белбеуімен байлап соңғы күшімен сүйретпе жасайды. Ақырында аштықтан, суықтан есінен танған баласына үстіндегі тонын жауып, көйлекшең құшақтаған күйі әкенің өзі де о дүниелік болады. Тек кездейсоқ тышқан аулауға шыққан қақпаншылар кеудесінде қыбырлаған жаны бар баланы көріп, аман алып қалады. Әңгіменің бас кейіпкері, бір кездегі өлім аузынан қалған сол бала Сабыржан, міне, енді көп уақыттан соң ауылға келіп тұр. «Төрткүл» қорғанының қабырғасында інісінің жүгермектері мен өз шуылдақтары қосылып асыр-салып ойнайды. Қаперлерінде ештеңе жоқ. Шығармадағы оқырман көңілін сыздатып өтетін аштық трагедиясы – жазылмас жан жарасы, халық қасіреті. Ол ұмытылмауы тиіс. Әңгімедегі параллелизм осыны аңғартады.
«Айт күні» әңгімесінде адам психологиясының шетін, нәзік жайы суреттеледі. Шәріп атеист болып осы күнге дейін лекция оқып келген. Нығыздалып-ақ жүретін. Кейбір тұста райкомның өкілі болып төңірегін қуырып салатыны да бар. Енді, міне, бір себептермен (әңгімеде ол жан-жақты айтылады) ауылға келіп, тау беткейіндегі ескі қорымдағы әке бейітінің басына барады. Бейіттің басы – қасиетті орын. Тіршіліктегі пенде көңілмен ұмыт болған небір жайлар ойға түседі. Әкесі де мұны соншалықты жақсы көріп өсіріп еді-ау… Енді, міне, жым-жырт төмпешік болып жатыр. Әңгіменің осы бір тұсы кім-кімді де баурап алады. Шәріптің орнына оқырман өзін қоюы да мүмкін. Сонда Шәріп сезінген тылсым сырды, шындықты оқырман да ұғынады.
«Шәріп бір қарағанда молданың көздерінен жас парлап отыр екен.
Айдалада тау ішінде тыныштық әлеміне келіп, араб мақамымен аңыраған ата неге жылайды? Не ойлап отыр екен? Шәріптің әлгінде дір еткен жүрегі жан дүниесіне белгісіз сезім жүгіртіп, осы көріністің бәрін енді сезінгендей, көңіл сарайы мынау әлемге айқара ашылды да, айналадағы құбылыстың барлығын бар болмысымен қабылдай бастады. Сол-ақ екен, әлдебір өкініш, әлдебір өксік алқымына тығылып, шыдай алмай, ағыл-тегіл ағытылды. Танауына талайдан ұмытылып кеткен әкесінің темекі аралас тер иісі келіп, санасында құлыншақтай құлдыраңдап жүгіріп жүрген шағындағы суреттер сәулеленді».
Туындыдағы кейіпкер басынан кешетін осы психологиялық сәт, ішкі жан дүниеңде кенеттен оянатын өкініш пен сағыныш, мына дүниеде не бітіріп жүрмін, қандай ізгілік жасадым деген сауал, бүгін сайраңдап жүргенмен, ертең өзің де осындай бір төмпешік болып жым-жырт жататын кезді бір сәт те болса түйсіну – шындық.
Автор осы маниялық қуатты Шәріптің басындағы ахуалмен шебер астастырып бейнелейді. Бұл – кешегі жалған, қолдан жасалынған атеистік сананың Шәріптің жан дүниесінде күйреуі. Қандай да бір жалған нәрсе шындық дүниесімен бетпе-бет келгенде, іргесі сөгіліп сала береді. Финнің жылтыр қағазына басылған лекция Шәріптің ішкі әлемінде құнсызданып сала берді дейді жазушы.
«Айт күні» әңгімесінде қазақы болмыс, мұсылмандық сана көрініс береді. Әшім молданың кісілігі – жақсылықты ұмытпауы. Жақсылықты тек көңілі дарқан, адамдығы мол Шәріптің әкесі Әлім секілді жаны таза адамдар ғана жасай алады. Сондай жақсылықты көрген Әшім молда көзі тірісінде оны ұмыта алар ма?! Айт күні оның балаларын бейіттің басына апарып, ағыл да тегіл дұға жасауы сол парызды өтеуі. Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін әдебиеттегі молда-ишан бейнесі жағымсыз болып суреттелетін. Бұл да Тәуелсіздіктің ұлттық санаға, әдебиетке әкелген өзгерісі.
Қазақ жазушыларының таңдаулы әңгімелерінің қатарында «Айт күні» туындысының түрік тіліне аударылып жинаққа енуі – жазушы шығармашылығына берілген жоғары баға.
Автордың прозасы туралы сөз қозғағанда, «Тек» повестін айтпай кетуге болмайды. Тазалықтың, шынайы кісіліктің жолы тіршілікте, оның ішінде сауда саласындағы жұмыста тым жіңішке. Туынды бюро мәжілісінде бір мекеменің басшысы болған Мелс Құштарбековтің жұмыстан босатылуынан басталады. Орынтақтан айырылу кім-кімге де жеңіл емес. Ал кейбіреулер үшін бұл үлкен трагедия болып қабылдануы мүмкін. Жазушы жүйкеге салмақ салар осындай ситуацияны шығармаға арқау етеді. Мелс те алғашқы күндері психологиялық ауыртпалықты басынан өткеріп, әділетсіздікке күйінгенмен, бірақ уақыт өте келе сабасына түседі. Әкесі сол өңірге танымал ұста болған. Байып кетпесе де, өз нәсібін адал еңбекпен айырған. Мелс те шұғыл шешімге келіп, тегінде бар сол кәсіпке бет бұрады. Күйзелген көңіл де серпіліп сала береді. Пенде басында кезігетін осындай қым-қуытты суреттеген шығарма адамдықты, адал еңбекті әспеттейді. Ешкімнің алдында жалтаңы жоқ Мелстің, бәлкім, автор айтпақшы рухани күш-қуаты осында – адал еңбегі мен таза көңілінде болар.
Қалай дегенде де, жазушы Е. Әлімжанның біз таныған прозасы өмірдің өз шындығынан бастау алып, уақыт тынысын, ағымын бейнелеп жатады. Шығармаларында әр алуан бейне-сурет, кез-келген қаламгердің қаламына ілікпей жатқан қасірет, тіршілік үшін күрес – әр қилы тағдыр бар.
Қаламгердің драматургия, публицистика саласындағы еңбегі де елеулі. «Бір қазаққа – бір қатын?!», «Тақталас», «Жанұран» комедиялары кезінде республика театрларында кеңінен қойылды. Драма жанрындағы автордың үлкен ізденісі қатарына «Төле би», «Абылай ханның серті» секілді тарихи пьесаларын жатқызуға болады. Сондай-ақ қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы туралы еңбектері (әңгіме, драмасы, мақаласы мен сұхбаттары) өз алдына бөлек жүйелі әңгіме.
Біз автордың шығармашылығына үлкен табыстар тілеп, оқырманды жаңа туындылармен қуанта бер дейміз.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support