Экономика

Сүт зауыты ашылса

Сүт зауыты ашылса

Ауданымызда төрт-түлік мал түгелдей өсіріледі. 2013 жылдың қорытындысында аудандағы ірі қара саны – 21232, қой-ешкі – 131666, жылқы – 5316, түйе – 988 басқа жеткен. Шу өзені бойында орналасқан, құнарлы құтты мекен мал шаруашылығымен бірге, егіс егуге де қолайлы аймақ. Кейде газет-журнал оқып отырып ойды-ой қозғайды. «Ақ жол» газетінің 2014 жылғы 29 сәуір күнгі №61-62 санында Амангелді Әбілдің «Сиыр көп, сүт аз. Неге?» деген мақаласы шығыпты. Сондағы жазылған, айтылған пікірлерді қолдаймын. Мақалада Мойынқұм ауданының «Құмөзек» совхозында Одақ кезінде 12 мың мүйізді ірі қара болғаны жөнінде жазылыпты. Мен сол шаруашылықта бөлімше меңгерушісі, бас мал дәрігері болып қызмет атқардым. Мойынқұм ауданы шөл-шөлейтті жер болғандықтан мұнда ірі қара, етті бағытта болып келеді. Соған қарамай, сол совхоз аудан орталығындағы сүт зауытына күніне 3-4 машина (молоковоз) сүт жіберетін. Ол кезде аудан орталығында сүт зауыты болатын. Ал, мен тұрып жатқан бұрынғы «Көктерек» совхозында тауарлы сүт фермасы болып, мұнда да көп сүт өндіріліп, зауытқа өткізіліп жататын. Қазір егемендік алғалы бері үкіметіміздің ет бағытындағы ірі қара, асыл тұқымды ірі қара, қой өсіруге «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие беріп отыр. Әрине, мақалада айтылғандай етпен бірге ауданның барлық жеке шаруашылықтары мен жеке тұрғындары сүттерін өткізетін сүт қабылдау кәсіпорны аудан орталығында ашылса, халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілер еді. Сүт қабылдау кәсіпорны айран, құрт, ірімшік, йогурт, балмұздақ, сарымай, құрғақ сүт өнімдерін шығарып, аудан халқына, басқа жерлерге өткізіп, жұмыс орындары ашылады. Аудандағы «Ақбақай» кен байыту комбинаты, «Мыңарал» цемент зауыты, «Альбасар» гранит өңдеу цехы, «Хантау» цемент зауыты және «Шығыс» кен басқармасындағы жүздеген жұмысшы-қызметкерлер де сүтті алыстан іздемей, өз ауданымыздың сапалы сүт өнімдерін тұтынып жатса, кәнеки. Проблемалық мақалада жерлесіміз «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Бәкір Исабеков мырза сүт өңдейтін цех ашуды орынды көтеріпті. Өте құптарлық тірлік, біраз адам жұмыспен қамтылады. Осындай елімізге, халыққа пайдасы тиер фермерлер көбейе берсе деймін.

Орынбай Нұрлыбаев, ауданның Құрметті азаматы, Бірлік ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Мойынқұм ауданы.