- Advertisement -

Әзірлік шаралары таныстырылды

71

- Advertisement -

Ағымдағы жылдың 20 наурызына белгіленген Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауына дайындық жұмыстары өңірімізде де қызу жүргізілуде. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков баспасөз өкілдерімен өткен брифингте жан-жақты баяндап берді.


– Қазіргі таңда облыс халқының жалпы cаны 1 миллион 100 мыңнан астам адамды құрайды. Олардың ішіндегі дауыс берушілер, яғни сайлаушылар саны – 525 366 адам. Бұл – өткен жылғы кезектен тыс республика Президенті сайлауы кезінде алынған мәліметтер. Одан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Десек те, сайлаушылар саны қайта нақтылану үстінде. Оның қорытындысы 4 наурызға дейін Орталық сайлау комиссиясына жолданатын болады. Бүгінде өңірімізде 681 сайлау комиссиясы жұмыс жасап отыр. Олардың 12-сі – аумақтық, 205-і – округтік, 464-і – учаскелік сайлау комиссиялары. Айта кету керек, аталмыш комиссияның жалпы құрамы 15 пайызға жаңартылып, қайта жасақталды. 4 сайлау учаскесі жаңадан құрылды. Оның 3-еуі Таразда болса, біреуі Құлан ауылында, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Сондай-ақ, ол жұмыс барысында әсіресе, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, ҚР Конституциясының нормаларын ұстануы тиістігін, шетелдік сайлау заңдарын да біліп, тұрғындар тарапынан туындаған кез-келген сұрақтарға нақты жауап беруге дайын болулары керектігін жеткізді.
Комиссия төрағасының айтуынша, қазіргі кезде өңірімізде 124 мәслихат депутаттығына үміткер тіркелген. Оның 15-і – облыстық, 12-сі – қалалық, 97-cі – аудандық мәслихаттардың депутаттығына үміткерлер. Олардың саны әлі де арта түседі деп күтілуде. Сондай-ақ, жиын барысында сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстары үшін кандидаттарға қанша көлемде қаржы бөлінетіні айтылды. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің әрқайсысына – 245 мың, қала және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерге 153 мың теңгеден берілмек. Бұл қаржы өз кезегінде олардың сайлауалды бағдарламаларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға, дауыс берушілермен кездесу жиындарын өткізуге және олардың көлік шығындарын ақтауға жұмсалатын болады. Сайлауға түсушілердің өз қаражаты есебінен қосымша науқанға қатысты жұмыстар жүргізуіне шек қойылмайды. Олардың өз жұмыстарын жарнамалау үшін арнайы 35 билборд қойылатын болады. Ондай билбордтарды орналастыруға қалалар ішінен – 15, ал аудандарда 20 орын нақтыланып берілуде екен.
М.Сарыбеков осынау саяси маңызы зор науқанда олқылыққа орын бермес үшін өткен сайлаулардың тәжірибесіне сүйену керектігін айтып, бұқаралық ақпарат өкілдері жолдаған түрлі сауалдарға жауап берді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support