Мәслихаттарға ұсынылған кандидаттар саны – 2865
Мәслихаттарға ұсынылған кандидаттар саны – 2865
Орталық сайлау комиссиясында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының алдағы сайлауларына дайындық барысы туралы брифинг өткізді.
Комиссия мүшесінің атап өтуінше, сайлау науқаны басталған кезеңнен бері еліміздегі төрт саяси партия өздерінің съездерін өткізді. Съездерінде олар партиялық тізімдерін бекітті. Қазіргі кезде Орталық сайлау комиссиясына төрт партиялық тізім ұсынылды – 30 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының 127 адамды қамтитын партиялық тізімі, 2 ақпанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 19 адамды құрайтын партиялық тізімі және сол күні Қазақстан Коммунистік халық партиясының 22 адамды қамтитын партиялық тізімі, сондай-ақ, 3 ақпанда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының 35 адамды құраған партиялық тізімі ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы 3 ақпан күні «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұдан кейін ол барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына қанша кандидат ұсынылғанынан хабардар етті. «Мәслихаттар сайлауына кандидаттарды ұсыну белсенді түрде жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, 20 наурыз күні елімізде 3335 сайлау округі бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өткізіледі. Сайлау комиссияларының 4 ақпан күнгі сағат 10.00-дегі берген мәліметтеріне қарағанда, республика бойынша барлығы 2865 кандидат ұсынылған», – деді Л.Сүлеймен. Оның хабардар етуінше, олардың ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарына – 324, аудандық мәслихаттарға – 2015, қалалық мәслихаттарға – 526 кандидат ұсынылған. «Атап өтетін бір мәселе, бұл ұсынылған кандидаттардың басым бөлігін өзін-өзі ұсынған адамдар құрайды. Ал облыстар бойынша айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында кандидаттарды ұсыну белсенді жүргізілуде. Сайлау комиссияларының негізгі міндеті – заңдылықты, яғни сайлау заңнамасына және жалпыға танымал халықаралық қағидаттарға сәйкес әділ және ашық сайлауды өткізуді қамтамасыз ету», – деді ОСК мүшесі. «Ұсынылған кандидаттардың 12-сі Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшесі, 1184-і партияда жоқ, тағы 1669-ы өзінің партияға тиесілі екенін көрсетпеген, – деді Л.Сүлеймен әрі қарай. – Округтік сайлау комиссиялары 54 кандидатты тіркеді. Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға, ал тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі».