Денсаулық

Жамбылдық кәсіпкерлер мейрамханаларды балабақшаларға айналдыруда

Жамбылдық кәсіпкерлер мейрамханаларды балабақшаларға айналдыруда

20160205011108Соңғы жылдары Жамбыл облысында мектепке дейінгі білім жүйесінде мемлекеттік-жеке әріптестік белсенді дамып келеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, соңғы 5 жылда Жамбыл облысында 38 жеке балабақшалар пайда болды, оларда 3 513 бала тәрбиеленуде.

Аймақта барлығы 425 мектепке дейінгі мекемелер (258 балабақша және 167 шағын орталық) жұмыс істейді, оларда 45 399 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған бір жастан алты жасқа дейінгі балалар үлесі 53,3 пайызды құрап отыр.

Облыс әкімдігінде атап өткендей, 2010 жылы облыста екі жеке балабақша болған екен. 2014 жылдың өзінде ғана мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде облыста 11, ал 2015 жылы тағы 10 мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Таразда 23 балабақша мен бір шағын орталық жұмыс жасауда.

Облыс орталығында балалар бақшасын, мектепті, гимназияны біріктірген «Інжу» кешені жұмыс істейді. Осы мектепке дейінгі мекемеде балалардың толыққанды білім алып, тәрибиеленуіне барлық жағдай жасалған, әкімшілік және музыкалық залдары, медициналық бөлмелері, психолог кабинеті, бассейн бар. Пластикадан жасалған балалардың ойын кешендері орнатылған. Мұнда логопедтер, педагогтар, психологтар жұмыс істейді.

Өткен 2015 жылы тараздық «Аю» мейрамханасының иесі ғимаратты жаңғыртып, кеңейтті және 330 орындық балабақшаға лайықтап қайта жабдықтады.

Кәсіпкерлердің белсенділігі аймақтарда да байқалуда, деп атап өтті Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі. Мемлекеттік-жеке әріптестік ауқымында Байзақ, Жамбыл, Рысқұлов аудандарында бір-бірден балабақшалар ашылды. Мерке ауданында осындай екі, Қордай ауданында сегіз балабақша мен бір шағын орталық бар.

 «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін бизнестің қатысуымен мемлекеттік-жеке әріптестік желілерін құру арқылы дамыту жөнінде айтылған. Кәсіпкерлік қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуда. Кәсіпкерлер тұрақты кіріс келтіре отырып, халықтың балабақшаларға мұқтаждығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектесуде», - делінген Жамбыл облысы баспасөз қызметінің хабарламасында.