Әдебиет

...Деген екен

...Деген екен

Әке мен бала

Белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов бірде таксиге мінеді. Асанәлінің жанында баласы Сағи болса керек. Тиісті жерге келіп есеп айырысқанда 2 сом 18 тиынның орнына Асанәлінің ұсағы болмайды да, 2 сом 15 тиын беріп шыға береді. Бұған ыңғайсызданған Сағи: – Әке, мен сіздің орныңызда болсам 3 сом берер едім, – депті. Сонда Асанәлі: – Әрине, сен 3 сом бере аласың, өйткені сенің әкең бар, ол саған жоқшылықтың не екенін білдірмей өсірді. Ал мен болсам әкесіз көк жетіммін! – деген екен.

Модный дорба

Ақын Мұзафар Әлімбаев бірде қолына ала дорба ұстап, кітап дүкенінен шығып келе жатса бір қаламгер інісі кездесіп: – Мұзаға-ау, мына дорбаңыз модный ғой, – депті. Сонда Мұзафар: – Бәрекелді, модный болғаны үшін емес, годный болғаны үшін ұстап жүрген ғой, – депті.

«Етке тойсам...»

Бір студент Сәбит Мұқановтан: – Сіз бір отырғанда қанша жазып тастайсыз? – деп сұрайды. Сәбең қуақылана әзілдей сөйлеп: – Мен өзім етті көп жейтін қазақпын. Етке тойған күндері бір баспа табақтай нәрсені емін-еркін жазып тастаймын, – деген екен.