Кәсіпкерлер съезд шешімін қолдайды
Кәсіпкерлер съезд шешімін қолдайды
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы жастар сарайында «Нұрлы жол – кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер» атты өңірлік кәсіпкерлер форумы өтті. Аталмыш жиынға облыс кәсіпкерлері, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Басқосу барысында форум қатысушылары еліміздегі саяси оқиғаларға қатысты орнықты пікірлерімен бөлісіп, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде қабылданған шешімдер туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, кәсіпкерлер өздерінің «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырғандарын тілге тиек етті. Жиын барысында сөз алған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Ағабеков «Нұрлы жол» бағдарламасының кәсіпкерлерге кең тыныс ашатынына тоқталды. Бұдан бөлек, басқосу аясында форум қатысушыларының облыс кәсіпкерлеріне «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде қабылданған шешімдерді қолдауға және ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына белсенді түрде қатысуға шақырған үндеу қабылданды. Әділбек ЖҮНІС.