Саясат

Әзірлік басталды

Әзірлік басталды

Кеше облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен биылғы жылғы 20 наурызға тағайындалған Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде облыстық семинар-кеңес өтті. Оған облыстық, аудандық және қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, аудан әкімдерінің аппарат жетекшілері, облыстық прокуратура, әділет басқармасы, мемлекеттік кірістер, қазынашылық, төтенше жағдайлар департаменттері мен жергілікті полиция өкілдері шақырылды. Семинар-кеңесті ашқан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Сарыбеков комиссияның ағымдағы қызметі және сайлау науқанының барысы, осыған байланысты күнтізбелік жоспарға сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Бүгінде облыс халқының жалпы cаны 1 миллион 100 мыңнан асып отыр. Олардың ішіндегі сайлаушылар 525 366 адамды құрайды. Бұл сан 4 наурызға дейін нақтыланып, қорытындысы Орталық сайлау комиссиясына жолданатын болады. Үміткерлер аталған қаржы қаражатын негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын үгіт-насихаттық жұмыстарға тиімділікпен жұмсауға тиіс. Хабарламашы өңірімізде 681 (оның 12-сі – аумақтық, 205-і – округтік, 464-і – учаскелік) сайлау комиссиясы өз жұмысын бастағанына, жалпы құрамының 15 пайызы жаңартылғанына да тоқталды. Махметғали Нұрғалиұлы: «Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі жақсы жұмыс істеді. Қазіргідей еліміз дамуының жаңа кезеңі басталған тұста депутаттық қызметке білімді де іскер, ұлтжанды тұлғалар келуге тиіс. Жаңа депутаттық корпусты қалыптастырушы азаматтар ендігі жерде қажетті заң актілерін өздері жазып ұсынатын болады. Сондықтан да сайлау – бұл еліміздің өміріндегі маңызды саяси оқиға. Бұл ретте сайлау органдарының басты міндеті – сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету, яғни сайлау заңнамасы мен жалпыға бірдей танымал халықаралық принциптердің талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау науқанын өткізу. Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың назары еліміздегі осынау саяси маңызы зор оқиғаға ауып отыр», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ол сайлау ұйымдастырушыларды құқықтық сауаттылық, білімділік, әсіресе, шетелдік бақылаушылармен жұмыс істеуде жоғары мәдениеттілік таныту, сайлау науқанын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын үнемдеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Бұдан кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Талғат Жамалов сайлауға дайындық, сайлау ұйымдастырушылардың қызметі мен науқанның аталған кезеңіндегі олардың алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер және басшылыққа алынуы тиіс басқа да ережелер мен жадынамалар жөнінде тарата айтып берді. Семинар барысында сайлауға дайындық пен оны өткізу барысында кездесуі ықтимал түйткілді мәселелерге қатысты сұрақтар да қойылып, тиісінше жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».