- Advertisement -

Жамбылдың жолбарысы жоғалған жоқ

293

- Advertisement -

Эссе

Жыр алыбының 170 жылдық мерейтойы қарсаңындағы толғаныс

Жамбылдың ақындық өнеріне күмән-күдік келтіру, әруағын қорлап, сын садағының тұрақты нысанасына айналдыру кейбір авторлар мен басылымдардың әдетіне айналды. Олардың аты-жөндерін айтып, жарнамалаудың қажеті бола қоймас. Кезінде өзі туралы бір байбаламды оқыған Бауыржан Момышұлы «Енді мұның төбетін табу керек» деген екен. Сол мұзбалақ мысқылдағандай, ұсақ-түйек байбаламдардың артында кейбіреулердің «Үрит, соқ!» деп, бұғып отыратыны да өтірік емес. Әлбетте, олардың іштерінде мансаптың буына елтіген мастар да, соларға еліктеген желөкпе жастар да жетерлік. 

Ағайынды айырып, өзара дүрдараз етудің сан алуан қитұрқылары бар. Мысалы, ағайын арасы неден бұзылады? Неден ажырайды? Сөзден ажырайды. Сол сөздің бір атын өсек дейді. Тоқсан тоғызға келгенше қолынан домбырасы түспеген, жүрегінен жасампаз жырдың оты өшпеген, тақымы аттан, төрі сыйлы қонақтан босамаған қазақтың қайсар шалын еске алғанда «Міне, біздің қаһарман халықтың сүйегінің асыл келетінінің бір мысалы – осы!» деп, жер-жаһанға паш етіп, мақтан тұтудың орнына көрінген кер ауызға қолжаулық қылып қою өсек дейтін сөздің ең оспадарсызы болып шығады. Өйткені, қазақ деген халықтан шыққан осы бір сирек те ғажап құбылыс иесін «ақын емес» деп бар мұрасын жоққа шығарып, Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасындағы ұрпақтарын таң-тамаша етіп қоюды басқаша сипаттау мүмкін емес.
Қап тауында Сүлейман Стальский деген жырау болған. Халық ауыз әдебиетіне деген Кеңес өкіметінің отызыншы жылдарындағы «жылымық» идеологиясының арқасында Стальскийдің атақ-даңқы Жамбылменен қатар шықты. Кремльден қаншама құрмет пен қошемет көрсе де үстінен жаман шоқпыты түспеген (Расұл Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» деген кітабына үңіліңіз – К. С.) сол Сүлейманды қазіргі Дағыстанды мекендеген авар халқының қайсысы «ол ақын емес, әшейін бір сауатсыз шал болатын, оның өлеңдерін кезінде орыс ақындары жазып берген» деп қаралапты. Жоқ, естіген жоқпыз ондай сөзді. Әлі де естімейтініміз ақиқи анық. Сайттарыңыз да, «сарыжағал» басылымдарыңыз да Сүлейман Стальскийге келгенде мақтамаса, даттамайды. Өйткені олар – «кіші халық» атанса да, ар-ожданы үлкен халық. Өздері де Қап тауынан асқақ, өр келеді. «Жаманын жасырып, жақсысын асыра білетін, рухы зор халықтың перзенттеріміз» деп мақтанады.
Біз білетінде, ұлтының ұлыларын ұлықтап, ғазиз басынан сөз асырмауда қазақ та ешкімнен кем емес. Бірақ аты – қазақ, заты – дүбәра космополит-мәңгүрттер пайда болғалы бері олар «ұлттың ұлығы еді» дегенге пысқырмайтын болды. Қазақ жылқыны неге текті дейді? Өйткені ол мал болса да анасына шаппайды! Қазақтың өзін неге текті дейді? Өйткені ол атасының сақалына жармаспайды! Әруағын қорламайды!
Түрік жазушысы Әзиз Несиннің «Кофе мен демократия» деген әңгімесі бар. Әзиз қолына босқа қалам алмайтын жазушы болған. Сол қаламгер елімізге алдымен кофе келді дейді. Сосын кофеге ілесіп демократия келді дейді. Байқап отырсаңыз, Әзекеңнің езуінде уытты мысқыл бар. Яғни, демократияңызды түгел дұрыс деп тұрған жоқ. Ендеше біз де Жамбыл атамызға тіл тигізіп, әруағын қорлап, бойындағы туабітті ақындық қасиетін әрідегі кеңес өкіметінің тұсында емес, берідегі тәуелсіз ел болған кезімізде жоққа шығарғысы кеп жүргендердің былжырағын «сөз бостандығы» деген желеумен жабулатқысы келетіндерді түсінбейміз де, түсінгіміз де келмейді.
Жамбылдың әруағына тіл тигізіп, езуі көпіргенше шапылдайтындардың ішінде қазақтың қара өлеңімен сусындаған белгілі ақын, жазушылар да бар, ана тілінің уызынан нәр алмаған, туған тіл мәйегі дегеннің не екенін сезбейтіндер де бар. Біріншілерінікін – тәкаппарлық, өркөкіректік деп тұжырсақ, екіншілерін аударма мен түпнұсқаның көркемдік сапасының айырмашылықтарынан мүлде бейхабар адамдар деп санаймыз. Оларыңыз Абай мен Пушкинді, Әуезов пен Толстойды түпнұсқадан түртіп отырып оқитын қаламгерлермен жарысамын десе, жолда қалады. Әйтпесе:

Ақын болдым – он үште,
Алатын құстай тарандым!
Алды-артыма қарандым,
Шарықтадым әр жерде,
Келгенімше шамамның…

немесе:

Заман ақыр болған жоқ,
Жамбыл сөзден қалған жоқ,
Ел жайлаудан көшкен жоқ,
Көктен жасыл түскен жоқ,
Сендер шетке қағатын,
Жамбыл атым өшкен жоқ!.. –

деп басталатын қазақтың қара шалының иісі аңқыған төкпе жырды тудырған адамды «ақын емес» деуге қалай дәттері барады? Ақынның Алатаудай мұрасына қайтып тас атады? Жамбылдың кез-келген өлеңі өзінің «Айналайын» деген қоңыр үніндей болып, ерекше бір мақаммен, ерекше бір жан жылуымен баурап тұрған жоқ па адамдарды?
Ақын Жамбыл Жабаевтың «Жазушы» баспасынан 1982 жылы шыққан екі томдығы бар. Біріншісі – 440 бет, екіншісі – 336 бет. Осы екі томға ақынның 11 дастаны мен хикаясы, 13 айтысы, 265-ке жуық өлеңі еніпті. Жазған өлеңдері сонау 1921 жылдан өзі бақилық болған 1944 жылға дейін бөлек-бөлек топтастырылыпты. Жамбыл туралы жаман сөз айтуға әуестер «деген екенді» малдана бермей, Жамбыл жырауға осы екі томдықтың қай бетіндегі қай өлеңді орыс ақыны шығарып берді деген сұрақ қойып, соны неге талдап, дәлелдеп бермейді?
Қазақ халқының мінез-құлқын, салт-дәстүрін жете білмейтіндер көп. Олардың тобына бүгінде «асфальтта туған» қазақтар қосылды. Сол шіркіндер кішкене ойланса, қазақ халқының ауыз әдебиеті – орыс әдебиетшілері мақтан ететін «алтын ғасырымен» терезесі тең екенін сезінер еді. Осыдан жеті ғасыр ілгеріде деп басталып жүрген қазақ халық ауыз әдебиетінің соңғы тұяғы Жамбыл жырау емей, кім?!. Осы тұста ауыл-аймаққа ғана белгілі (әрі кетсе қырғыздар білген болар – К. С.) Ұзынағаштың ақын шалын топырақтың арасынан аршып алған алтындай төрткүл дүниеге паш еткені үшін «Қызыл империяның» бас жазушысы М. Горькийдің халық ауыз әдебиетіне қамқорлық жасау туралы бастама көтергеніне рахмет деуіміз керек. Жамбылдың қасына хатшылыққа ақын, жазушыларды жіберіп, айтқандарын қағазға түсіріп алғандары қандай ғанибет, қандай ғибрат болған. Мұндай игілікті істің басында, әлгінде айтқанымыздай, Мәскеуде – М. Горький, Алматыда – М. Әуезов бастаған қара нар қаламгерлер тұрған. Соның арқасында қатып-семе бастаған қара шалдың «екінші тынысы» ашылып, елге танылды. Өзін ғана емес, күллі дүниеге қазақ деген халықты да танытты.
Жәкеңнің қасында жүріп небір тамаша естеліктер жазған ақындар мен жазушылар қазақ әдебиеті тарихында өте көп. Орыс ақын, жазушыларының арасында да бар. Олар қарт ақынның өлеңі дүниеге келген сәтте «кіндік шеше» сияқты бебеулеп басы-қасында тұрған. Мұндай қызықты сәттер басқа елдің әдебиетінде жоқ деуге болады.
«Мен Жамбыл ақынға жасы тоқсанды аралап кеткен шағында тап келдім. Бұл жаста қарт ақынға хатшы болып, бірдемелерін жапырып жазып тастау қиын еді. Бірақ қарт ақынды қақылдап қажай бермегенмен, «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» деген сөзді де естен шығармау керек еді.
Жамбыл өз ықтияры болмаса, қақылдағаныңды жақтырмай, қарсы дәлел айтып, құтылып шыға келетін. Онысы шын сыры сықылды – тіпті жарасып та тұратын.

Қартайған соң бір ұйқы алған аңдып,
Жас балаша маужырап кетем қалғып.
Қаламыңды, жарқыным, қоя тұршы,
Шаршаңқырап отырмын басым мәңгіп, –

дегенде, жеңілмеске дәрменің қалмайтын», – дейді ақын Ғали Орманов. Ғалекеңнің осы сөзінен-ақ Жамбылдың көлденең көк аттыға «өлең жазып берге» зәру еместігі мен қайсарлығы көрініп тұр. Мына өлеңін қараңыз:

Кәрілік екі көзді қызартады,
Сүйекті етін сылып ұзартады.
Еңкейсең етбетіңнен түсірердей,
Батпандап шонданайға тұз артады.

және:

Көкірегің кірілдеп,
Көзіңнің алды іріңдеп,
Қаз-қаз басқан баладай,
Буындарың дірілдеп, –

деген табан астында туған шумақтар тоқсанның тоғызындағы қарияның ажалмен әжуаласқан намысқойлығын көрсетеді. Ұйқассыз сөйлемейтін ақындығын дәлелдейді. Бұған Ғалекеңнің «Жәкең жүзге жуықтаса да, кәріліктің ырқына көнген жоқ» деген сөзін қосып қойыңыз. Одан кейін Ғалекең «мені Жәкеңнің қалжың өлеңдері қатты қызықтырды. Ұзақ сапар тартқан, бөктеріншегі жоқ, жол азығы мол ақын мені өлең өрісіне шүйгіте беретініне шүбәм болған жоқ. Алғаш кездескен күнгі «а-а»деп, дыбыстай сөйлесе отырып: «Құлағым қаңылтырмен қаптағандай, Жұрт сөзін шала естиді қаңғыр-құңғыр» дегені есімнен кетпейді» дейді.
Қарт ақын Жамбыл Жабаев соғыстың алдында ұзақ науқастанып, тәуір болған соң жайлауға шығады. Майтөбе беліне көшіп қонған соң, бір күні биікте тұрып:

Қарабастау, Құлансаз,
Сайраңдайын ұзақ жаз.
Қымызыңды сіміріп,
Қыдырайын мен біраз.
Көңілдерін білдіріп,
Малшылар да болар мәз, –

деп күбірлейді. Мұны қасында тұрған Ғалекең қағазға түсіре қояды.
Ал «соғыс басталды!» деген суық сөзді естігенде, «ойпыр-ай, тып-тыныш жатқан елге ойран салған бұл не деген сұмдық десеңші! Қалаң қайсы, далаң қайсы демей, алай-түлей зом түсіріп жатыр дейді. Бұл бүгін-ертең бітетін қырқыс емес қой! Қастасқан жау кімді аяйды дейсің!» деп шиыршық атады. Содан ерттеулі тұрған күрең жорғасына міне салып, ауылын бір аралап шығады. Қайта айналып келгенде қарттың сыртқы бітімі бір түрлі шұқшиып, өңі де қоңырайып, түтеп кетіпті. Атынан түскен бетте ақындар Тайыр Жароков пен Ғали Ормановқа отырар-отырмастан:
– Бірің құлақ, бірің көзсіңдер маған. Жазғыш болсаңдар, келіңдер, қане! – деп бұйыра сөйлейді. – Ата жаумен айқастық деген, міне, осы! – дейді де, қарт ақын қарт қырандай қанатын қомдап алып:

Асқар таудай еліме,
Жау тиісті дегенде,
Ашуменен аралас,
От тұтанды денемде.
Жыр да келіп көмейге,
Көз жібердім мен елге,
Сонда елімнің түрінен
Түгел тастай түйілген,
Қаһармандық аңғардым,
Жау сазайын берерге! –

деп термелете жөнеледі.
Біз ақын Ғали Ормановтың естелігінен ғана мысал келтіріп отырмыз. Жамбыл туралы осындай жылы, кейінгі ұрпаққа үлгі болар ғибраты мол естеліктерді М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Н. Тихонов, Ә. Тәжібаев, М. Қаратаев, М. Хакімжанова, П. Кузнецов, С. Бегалин, Т. Жароков, Ш. Айманов, М. Ғабдуллин, С. Омаров, Ә. Сәрсенбаев, Қ. Тоғұзақов бастаған ақындар мен жазушылар да («Жыр алыбы», «Жазушы» баспасы, Алматы, 1971 ж.) жазған.
Жамбылды «ақын емес» деп жамандайтын қазақтар орыс ақындары мен жазушыларына, журналистеріне сілтеме жасаудан танбай келеді. «Сол орыстың бірі – П. Кузнецов» дейді олар. П. Кузнецов болса, Жамбылдың ақындығын мойындап, ол туралы әп-әдемі көркем шығарма жазған адам. Николай Тихоновтың «Ақындардың атасы» деген естелігін оқысаңыз, тіпті таңғаласыз. Жамбыл ақын Николайдың «Жыр қалай туады?» деген қасақана сұрағына:
– Жыр қалай туады дейсің бе? Ол ақын жүрегінің терең түкпірінде жаратылып, жұртқа жететін жол іздейді. Дүниедегінің бәрі де, тіпті аспандағы бұлттың жерге түскен көлеңкесі де жырға жейде бола алады, дүниедегінің бәрі де – тіпті ат тұяғының дүсірі де жырға үн бере алады, дүниедегінің бәрі де – тіпті таңғы жұпар да, шүйілген сұңқар да, бәрі де жырға жан бітіре алады! Ал бірақ өлең бір туды екен, ол ақша бұлттардан да биік самғайды, түмен-түмен тағалы тұлпарлардың мың сан дүсірінен басым түсіп, осынау кең жазираға сыймай кетеді. Жат жұрттарға да өтіп, көрмеген елдердің көкейінде бұлбұл болып сайрайды, – деп жауап береді. Николай Тихоновтың тебірене жазған осы дүниесін қазақшаға кезінде Ғаббас Жұмабаев аударыпты. Жоғарыда айтылған «Жыр алыбы» деген жинақта бар.
Осы «үйтіпті», «бүйтіпті» деген сөз қайдан шығады? Ақын, жазушылардың дені газет, журналдардың «шекпенінен» шыққан. Газетте қызмет істегендер түрлі мерейтойлар қарсаңында тапсырыспен өлең, дастан, очерк, публицистика, мақала жазылатынын біледі. Кезінде Жәкеңе де мұндай тапсырмалар көп берілген. Оны жоққа шығаруға болмайды. Партияның мұндай «шұғыл тапсырмасынан» мен деген қазақ ақындары да құр қалған жоқ. Олар да Жамбыл атасы сияқты кеңес өкіметінің сөзін сөйледі, соқ десе – сойылын да соқты. Бірақ коммунистік партияны мақтады екен деп қазақ халқы талантты ақындарының бай мұрасын күл-қоқысқа тастамайтын шығар?! Жамбылдың артындағы Қаратаудай күллі қазақ та ата-баба дәстүрінен нәр алған жырдан «біреу күмәнданды екен деп» бас тартпайды. Айтайын дегенім, осындай «партиялық тапсырыс» кезінде ақындық атақ-даңқтан жолы болмай жүрген қаламгерлер Жәкеңнің өлеңін тәржімалап отырып өз беттерінше өңдеген шығар, жөндеген шығар, бірақ кез-келген редакция «кухнясында» болатын осы түймедей нәрседен түйедей мәселе жасауға бола ма?!. Редакция шаңырағындағы күпінгендердің күңкіл-сүңкіліне бола бір елдің бір ғасырға татитын сөзін айтқан Жамбылын «бәленше бүй депті» деп, «сүйінші» сұрау – ұлттың ұлылығына топырақ шашу емес пе?!
Жамбылды ақын емес, «өлеңдерін орыс ақындары жазып беріпті» деп айбат шегетіндер Жәкеңнің айтыстарына да назар салса дейміз. Бірақ оған олардың парасат-пайымы жетпейтін шығар. Әйтпесе, ғайбатын айтпас бұрын «Айкүміс, Бақтыбай, Бөлектің қызы, Сары, Майкөт, Шыбыл, Бөлтірік, Құлманбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Нұрила айтыстары дүниеге қалай келді? Сол кезде де Жәкеңнің желкесінде шетелдің 7 ақыны сыбырлап отырып па?» деген сұрақ қоюға болады ғой. Өтеген, Сұраншы батырларды, Көрұғылын жырлағанда да қолтығынан бөгде елдің ақынсымақтары демеп пе? Осыған қарағанда Жамбыл ақынға тіл тигізушілер ұят-аят дегенді мүлде ұмытса керек.
Жәкеңнің тырнағына да татымайтындар жоқ жерден жау іздеп, топырақ шашқан сайын жыр алыбының бай мұрасы селеуі толқынданған Сарыарқадай шалқып, ақ бас шыңдары аспандаған Алатаудай биіктей береді. Жамбылдың бір қасиеті аз қазақты «қырық жілікке» бөлген жоқ. «Сұраншы батырды» оқысаңыз, батырды – батыр, басқаны – басқа деп кесіп айтқанына куә боласыз. Кенесарыны қаһарман тұтты, Сәбит Мұқановты «Балуан Шолағым» деді. Ал Батыр Бауыржан Момышұлы болса, өзінің бірбеткейлігіне басып Жәкеңнің сақалы батқан сорпаны ырым қылып сарқа ішті. Ұлылыққа бас июдің бұдан асқан мысалын басқа елден табасыз ба?!. Жоқ, таба алмайсыз! Қазақтың томыртқадай қара шалы бар жиған-тергені – өлеңдері, жырларын артындағы ұрпағына ұлы мұра ретінде қалдырып кетті. Ақын болам немесе ақынмын деп шіренгендер «Жамбыл – ақын емес» деп көкігенше, тіл мен ділді білмекке Жамбылдың жырларын анда-санда оқып тұрса абзал болар еді.
Қазақ оппозициясының бір «балалық ауруы» бар. Олар өз нысанасын жиі-жиі шатастырып ала береді. Халықтың сөзін сөйлеп отырмыз деп, сол халық құрмет тұтатын тұлғаларға тіл тигізеді. Сүйегі әлдеқашан қурап кеткен ақынның әруағына тиіседі. Әлде сол әруақтар оппозицияның жұмыстарына кедергі келтіріп отыр ма? Күлкілі, өте күлкілі.
Қарапайым халықты оппозицияның бақуатты, бай серкелерінің бәрі «асфальтта туған» шала қазақтар болып келетіні қатты ойландырады. Олардың ішін халықтың қамы емес, қапелімде уысынан шығып кеткен «жылжымайтын мүліктердің» қайғысы күйдіріп бара жатқанын да біледі. Ал осы арам пиғылын ішіне бүгіп, халықтың қамқоршысы ретінде шүлдірлегенін естігенде «Жамбылды сынаған не теңің, жылтырайды …» дегің келеді. Өйткені, халықтың сөзін сөйлеу үшін сол халықтың тілін, ділін және салт-дәстүрін өте жетік біліп, қадірлей білу керек.
Қазақтың классик жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов жыр алыбы Жамбыл туралы «Все в нем пело» деген естелігінде былай сыр шертіпті. Бұл мақала орысша оқығандарға түсінікті тілде жазылғандықтан сөзбе-сөз келтірейік.

«В славном роду Екей,
Сотня акынов, полсотни баксы,
Едва лишь заходит солнце,
Запевают, как одержимые, на все лады», –
деп жолма-жол аударған Әбдіжәміл аға: «В этом ауле и по сей день сохраняют традиции своих предков: не пропустят вступить в поэтическую схватку, будь то женщины, старики или молодежь. …По словам самого Джамбула, у него за всю его жизнь было гораздо больше «песенных» слов, нежели «простых». Иначе говоря, ему приходилось куда больше импровизировать, слагать стихи и петь, нежели говорить. Как на беспристарстное подтверждение этого поистине уникального факта, хочу сослаться на авторитет Ильи Эренбурга, который писал в книге «Люди. Годы. Жизнь»: «В Москву я возвращался с писателями. Меня позвал в свое купе Джамбул. С ним ехал его ученик и переводчик. Джамбул рассказывал, как сорок лет назад на свадьбе бая он победил всех акынов. Принесли кипяток и заварили чай. Джамбул взял свою домбру и начал что-то монотонно напевать». Ученик обьяснил, что Джамбул сочиняет стихи. Я попросил перевести. Оказалось, что акын просто радовался предстоящему чаепитию (Жәкең, әлбетте, бұл жерде де өзінің қанына сіңген қуақылығын танытып, тапқырлықпен қалжыңдаған болу керек. Бірақ Илья Эренбург оған онша мән бермепті. – К. С.) Потом он подошел к окну и снова запел, на этот раз переводчик сказал строки, которые меня тронули. «Вот рельсы, они прямо летят в чужие края, так летит и моя песня». Кожа на лице Джамбула напоминала древний пергамент, а глаза были живыми, то лукавыми, то печальными. Ему тогда было девяносто два года…».
Құдайдан қорқатын қазақ ақындары «Жамбылдың жолбарысы болған» деген аңызды жақсы біледі. Бұл туралы Әбдіжәміл Нұрпейісов былай дейді. «…Кстати, незадолго до кончины, тяжелобольного старца посетила группа писателей во главе с Сабитом Мукановым и Абильдой Тажибаевым. И как принято в таких случаях, они старались утешить его: «Ничего, Жаке, бог даст, еще поправитесь». В ответ он лишь покачал головой и тихо сказал: «Нет, детки мои. Перед вашим приходом ушел от меня мой тигр. Я хотел воротить его, но он не обернулся. Скрылся за холмом. Значит, я умру». И так тигр его ушел – ушла и его поэзия. Свою жизнь он без поэзии не мыслил».
«Аузымен жүретін» ағайындар қай елде де бар. Нобель сыйлығының лауреаты М.Шолоховтың «Тынық Доны» турасында да дау-дамай болған. Әйтеуір орыс халқының жанашыр тұлғаларының арқасында ол «өрт» басылғандай болды. Сосын Әбдіжәміл ағаның «Қан мен тер» деп аталатын атақты романын көре алмаған ағайындар «ой, оны Юрий Казаков қайта жазып шыққан» деп сүйреңдеді. Бірақ «Қан мен терді» түпнұсқасынан оқыған ойлы оқырман бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын бірден сезеді. Сөйтіп шын талантқа бас иеді. Сондықтан ақындардың атасы – Жамбыл төңірегінде асығыс сөз айту да ел боламын, етек-жеңімді жабамын деген халықтың айтулы ұл-қыздарын үлкен әбестікке ұрындырады.
«Құлан құдыққа құласа, құлағымен құрбақа ойнайды». Жамбылды ақын емес деу, құдыққа құлаған құланның құлағымен ойнаған құрбақаларды елестетеді.Мықты екеніңді мойындату үшін мықтының әруағымен жағаласудың жөні жоқ. Ал «депті-міс» дегендер — айтақшылардың өсек-аяңының жаңғырығы ғана. Жаңғырық жарға барып соғылады да иесін қайта табады. Бұл жерде жаңғырық – өсек пен өтірік, жар – халық. Жамбылды жамандағандар – халықтан биік емес. Олар қанша жерден өршеленсе де, қанша жерден өзеуресе де халықтың Жамбылға деген махаббатын өшіре алмайды. Ал ертедегі ақындар мен жыраулардың мұрасына ел-жұрт бүгінгі ақындардың әсіре талабы тұрғысынан сынай қарайтын болса, онда елдіктен де айырыламыз. «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» немесе «жындыны «жынды» десе, бөркі қазандай болады» деген сияқты, бұған өте уақап болайық.
Жамбылға дем берген жолбарыс қарт жыраудың кеудесінен қош-қошын айтып кеткенімен, қазақ елінен, қазақ халқының жүрегінен кеткен жоқ. Ол әр қазақтың қанында күш-қайрат, намыс-жігер, ар-ождан болып, аузын айға білеп, жортып жүр.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support