Спорт және туризм

Пеле боп оралыңдар!

Пеле боп оралыңдар!

облыс әкімі кәрім көкірекбаев Бразилияға аттанған жас футболшыларға сәттілік тіледіАла допқа аңсары ауған өңір жаста­рының ішінен «сен тұр, мен атайын» деуге лайық мықтыларын футбол королі Пеленің отаны Бразилияға үш жылға оқуға жіберіп, шеберлігін толыстырып отыру жақсы үрдіске айналып келеді. 

Ол үшін облыстық қазынадан тиісті қаражат көзі қарастырылған. Бұл бірінші кезекте бүгінгі жасөспірімдердің мықты футболшысы болып қалыптасуына ықпал етсе, екіншіден, алдағы уақытта легионерлердің орнын басуға мүмкіндік туғызбақ. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Бразилия елінде шарболат­тай ширығып, шыңдалып жүрген бірқатар жасөс­пірімдермен қатар, ағымдағы жылы Латын Америкасына аттанатын өрендерді қабылдады. – Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, облыстық футбол федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Манарбек Ағайдаров секілді ағайларың жасөспірімдерді Бразилияға оқуға жіберу туралы ұсыныспен келген кездерінде бірден қолдау білдірген едім. Жамбыл жері – нағыз спорттық өңір. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбырайымов секілді саңлақтар шыққан өңірде бүгінде өздерің секілді өрімдей жастардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Екі мыңға жуық түрлі деңгейдегі спорт кешендері, алаңдар, жаттығу залдары бар. Біз сендердің Бразилияда шеберлік толыстырып қана қоймай, мәдениетті, тәрбиелі азамат екендеріңді көрсеткендеріңді қалаймыз. Сендер жақсы болсаңдар да, жаман болсаңдар да сөзі бізге келеді. Әрқайсыңның оқуыңа 65 мың доллар көлемінде қаржы бөлінді. Сендер облыстың, елдің патриоты болуларың керек. Бір миллион жүз мыңнан астам халық маған қарап отыр деп намыстанып ойнауларың керек. Футболды Бразилияда қалай ойнайтынын достарыңа үйретіңдер. Біз қазір легионерлерді сырттан алып келеміз. Оларға ақша болса, болды. Жеңсе – жақсы, жеңілсе – басқа әңгіме. Олар ақша үшін тер төгеді ғой. Ал сендер намыс үшін аянбауларың керек. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Кейін «Тараз» футбол клубының құрамында 80-90 пайыз өзіміздің жігіттер өнер көрсетіп жүрсе, баянды бастаманың қолдаушысы ретіне біз қуанатын боламыз, – деген облыс басшысы жас өрендерге ақ жол тіледі.

Облыстық футбол федерация­сының президенті Әлімбек Жұмабаев пен облыстық спорттағы маман­дан­дырылған дарынды балалар мектеп-интернатының басшысы Манарбек Ағайдаров өңір басшысына қамқорлығы үшін ризашылығын білдіріп, жүзден жүйрік шыққан жастар сенімді ақтай­тынына иландырды. Облыс әкімінің қабыл­дануында болған жасөспірім­дер де сенім үдесінен шығуға ниетті. Бүгінде сол қапталдағы шабуылшы ретінде көзге түскен Абзал Оразбаев, жартылай қорғаушы Мирас Әбдібеков, орталық жартылай қорғаушы Дінмұхамед Құраман тәжірибе жинақтап қалса, Бразилия еліне енді аттанатын қақпашы Алмас Нұрмаш пен орталық жартылай қорғаушы Ағаділ Құлтас болашақта «Тараздың» да, ұлттық құраманың да намысын абыроймен қорғауға дайын. Абзал мен Мирас Бразилияда жүріп, сондағы еліміздің жасөспірімдер ұлттық құрамасының негізгі құрамынан орын алып үлгеріпті. Тіпті Пан Американ кубогында жігіттер екінші орыннан көрінген. Біз жас жампоз­дарымызға «футбол держава­сынан Пеле болып оралыңдар» дейміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».