Денсаулық

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін

20130208164954Ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемесі тағы да төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Меніңше, Ұлттық банктің шешімі қайта нарықты тұрақтандыратын болады. Өйткені, өздеріңізде білетіндей соңғы уақытта банкаралық несие ставкалары төмендеді. Соған сәйкес, өткен аптада 30 пайызға дейін төмендеген болатын. Яғни, базалық ставканың тепе-тең деңгейі нарықтық жағдайды көрсетеді», - деді Е.Досаев.

Оның атап өтуінше, сондықтан да бұл мәселе өткен аптада Ұлттық банкпен жан-жақты талқыланып, бүгін Ақша-кредит саясаты жөніндегі техникалық комитет нақты шешім шығарған.

«Ең дұрысы нарықтық жағдайын тепе-тең ұстанымға әкелу қажет. 17 пайыз бүгінгі тепе-тең деп санаймыз», - деді ол.

Сонымен қатар, ол наурызда жаңа техникалық комитет отырысы өтіп, онда базалық ставканы одан ары төмендету мәселесі қаралатындығын атап өтті. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі техникалық комитетінің 2016 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап, базалық мөлшерлемені 17 пайыз деңгейінде белгіледі және +/- 2 пайыз болатын пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізімен тұрақты қолжеткізу операцияларын қайта жандандырады.

Базалық мөлшерлемені белгілеу жөніндегі шешім макроэкономикалық көрсеткіштерді (ІЖӨ, инфляция) де, микроэкономикалық көрсеткіштерді (банктердің өтімділігін болжау) де болжау жүйесін жақсарту жөніндегі алдын ала жүргізілген талдау жұмысына негізделді және оны белгілеу теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының толыққанды режімі қалыптастырылғаннан кейін мүмкін болды.