Қазақстанның газы теңгемен белгіленуі керек - А. Айдарбаев
Қазақстанның газы теңгемен белгіленуі керек - А. Айдарбаев
Қазақстанда өндірілген газ бағасы теңгемен белгіленуі керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер сауалына жауап берген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мәлім етті.
«Қазақстандық «Теңізшевройл» мен «ҚазТрансГаз Аймақ» секілді екі компанияның арасындағы газ жеткізу туралы келісім неге доллармен жасалған? Мен осы мәселені бірнеше дүркін көтердім. Доллар бағамы өзгерсе болды, газдың құны да көтеріледі, сосын біртіндеп электр энергиясының, су мен жылудың тарифі де өзгереді. Бұлай болмауы керек. Мен Қазақстанда «Теңізшевройл» компаниясымен өндірілген газдың бағасы теңгемен белгіленуі керек деп санаймын», -деді А.Айдарбаев.
Бұл ретте өңір әкімі облыста жыл сайын газ өндіру көлемі артып отырғанына қарамастан, көгілдір отынмен қамтылуы жеткілікті емес екенін атап өтті. «Мен күні кеше ғана Үкіметте осы мәселені көтердім. Бізге газдың бір бөлігі Теңіз кен орнына келеді. Сосын газдың негізгі үлесі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке» беріледі. Бұл кәсіпорынды Маңғыстаудың жүрегі десе де болады, онда электр энергиясы да, су да жылу да өндіріледі. Былтырғы жылы біз газ өндірісін арттырғанымызбен, өзімізді әлі күнге толық қамти алмай отырмыз», - деді әкім.
Айта кетерлігі, 2015 жылы Маңғыстау облысында мұнай мен газ өндіру көлемі 18,5 млн.тоннаны құрады. Сонымен қатар, «Шағырлы-Шөмішті» жаңа газ кен орнының іске қосылуы арқасында табиғи газ өндіру 1 млрд текше метрге артып, жалпы өндіру көлемі 2,5 млрд. текше метрді құраған.