Әлеумет

Елдікке үндеген флеш-моб

Елдікке үндеген флеш-моб

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы тойланбақ. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болары хақ. Жыл өткен сайын Тәуелсіздік шежіресі ұрпақ жадында жаңғырып, Тәуелсіздік рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербетіле түсері анық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өту ширек ғасырдағы еліміздің қол жеткізген жетістіктерін саралау үшін керек. Бұл мерекеде осы жылдар белесінде мемлекет мүддесі жолында жұмыла еңбек еткен халқымыздың бірлігіне, елдігімізге баға беріледі. Сондықтан, бұл күнге қазақстандықтар үлкен дайындықпен келуі қажет. 25 жылдық аясында өткізілетін шаралардың да мәні мен тақырыбы сай болғаны дұрыс. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар орталығы» мекемесі «25.KZ» атты жастар флеш-мобын ұйымдастыруда осы мәселені назарға алған секілді. Заманауи форматтағы іс-шара арқылы 25 жылда жастардың белсенділігі артып, ортақ іс жолында ауызбіршілік таныта алатындай күнге жеткенін көрсетпек болғандай. Флеш-моб барысында жастар Тараз қалалық Мәдениет үйі алаңында біртүсті киім үлгісімен жастар биін биледі. «Біздің басты мақсатымыз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жастарды белсенді араластыру. 25 жылда еліміз үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырды. Оған жастардың қосқан үлесі бар. Жастар қашанда алдыңғы қатарда жүреді. Әр ауданда өңір жастары өздерінің Тәуелсіздік рухын асқақтату үшін тартынып қалмауда», – дейді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Шайхиев. Шараға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Волонтерлар мектебінің» мүшелері мен белсенді студенттер ат салысты. Жастар – еліміздің болашағы. Тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын жастар болғандықтан, олар мерейтой шараларынан тыс қалмауы тиіс.

Фариза АЙТБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.