- Advertisement -

Озық стандарт тар сот саласына да келді

117

- Advertisement -

Өткен жылдың 31 қазанында Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жаңа Азаматтық процестік кодексіне қол қойды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтардың институттары қамтылған. Сонымен қатар, онда құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген» деген болатын. Жаңа кодекс Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енді. Осыған орай біз Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт РҮСТЕМБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Жомарт Қауасұлы, бұрынғы Азаматтық процестік кодекс осыдан 16 жыл бұрын, 1999 жылы, қабылданыпты. Осы уақытқа дейін оған көптеген өзгерістер енгізілген екен. Сондықтан жаңа кодекс заман талабына сай, дер кезінде редакцияланып отыр деуге толық негіз бар шығар?..

– Уақыт біздерге әрқашан жаңа міндеттер жүктейді.
Қоғамдық өмірдегі өзгерістер мен құқықтық қатынастардың сан алуандығы түрлі салада туындайтын дауларды жедел әрі ыңғайлы шешуді талап етеді. Қолданыстағы Азаматтық процестік кодексті қайта қарау да қазіргі заманның жаңа талаптарына сәйкес, азаматтық процесті кешенді түзетудің қажеттілігінен туындады.
– Енді мұндағы басты ерекшеліктерге тоқталып өтсеңіз.
– Ескі кодекс 46 тараудан және 450 баптан құралған болса, жаңа Азаматтық процестік кодекс 55 тараудан және 505 баптан тұрады. Бұл кодекс «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көзделген шараларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа кодекстегі ең түбегейлі өзгеріс – біріншіден, Қазақстан жаңа жылдан бастап 5 буынды сот жүйесінен 3 буынды жүйеге көшті. Аудандық немесе қалалық соттар – бірінші саты, облыстық сот – апелляция, Жоғарғы Сот – кассация. Апелляциялық саты сот актілерін толық көлемде қайта қарауды жүзеге асырады. Бірінші сатыдағы соттың жіберген ағаттықтарын толықтырады, егер олар бірінші сатыдағы сотқа дәлелді себептермен ұсынылмаса, дәлелдемелерді қабылдамайды. Өтініш беретін субъектілер мемлекеттік бажды төлеуден босатылады. Мәні бойынша қаралмаған, не жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралған істерді қоспағанда, істі үш судьяның алқалы құрамында апелляциялық сатыда қарау көзделген. Кассациялық сатыдағы сот актілері құқық бойынша тексеріледі. Ал кассациялық өтінішхат беру мерзімі 6 айға дейін қысқартылды.
Ұлт жоспарының 26-қадамында белгіленген азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сот істерін қарауға прокурордың қатысуын қысқарту да осы кодекс шеңберінде іске асырылады. Жекелеген сарапшылардың пікірінше, «Процеске прокурордың қатысуы қажетті жағдайлармен шектелуі тиіс. Прокурор сотқа өзге де адамдардың атынан жүгіне алады, сондай-ақ олардың ерекше мүдделерімен немесе нақты жағдай талап етілген жағдайда ғана процесте олардың мүдделерін білдіре алады».
– Ұлт жоспарының 20-қадамында «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Судьяның бейнежазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» делінген. Осы электронды сот төрелігін дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қолжетімділік, ашықтық және жариялылық – қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттегі сот жүйесінің үш негізгі стандарты. Халыққа сот жүйесі барынша ашық және қолжетімді болуы үшін заманауи технологиялар енгізіліп, қолданылуда. Еліміздің Жоғарғы Сотының сайтында «Сот құжаттарымен танысу», «Сот кабинеті», «Электрондық сот шақырту қағазы» сынды бірқатар қызметтер бар. Әрбір азамат өз ісінің қалай жүріп жатқанын көре алады. Хаттамамен, сот шешімімен, сот тәжірибесімен танысуға да мүмкіндік көп. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да септігін тигізіп, азаматтардың уақыты мен мемлекеттің қаражатын үнемдейді.
Ал енді аудио, бейнежазба құрылғыларымен сот залдарын қамтамасыз ету мәселесіне келер болсақ, біздің облысымыздағы 63 сот залының 59-ы қажетті құрылғылармен жарақтандырылған. Болашақта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізіп, Ұлт жоспарында міндеттелген тапсырманы орындауды жоспарлап отырмыз.
– Жаңа кодексті әзірлеу барысына кімдер қатысты?
– Оның негізгі әзірлеушісі – Жоғарғы Сот. Кодексті әзірлеу жұмысы қарқынды түрде екі жыл бойы жүргізілді. Сол уақыт аралығында шет мемлекеттердің озық заңнамалары зерделеніп, жекелеген нормалары назарға алынып, жобаға енгізілді. Жобасы мемлекеттік органдардың, халықаралық сарапшылардың өкілдері қатысқан форумдарда талқыланды. Оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі Еуропа Соты, Еуропалық одақ, Ресейдің Жоғарғы Соты, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы, Франция, Болгария және өзге де елдердің сарапшылары бар. Сосын кодекс жобасы Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында жарияланып, ұсыныстар мен түзетулер енгізілді. Шамамен 2000-ға жуық ұсыныс түсіп, зерделенді.
– Жомарт Қауасұлы, әлгінде медиация аясының кеңейгенін айтып қалдыңыз. Тараптарды сотқа жеткізбей татуластырудың тиімді екенін уақыттың өзі көрсеткен болар?
– Әрине. Мәселен, жақында облыстық соттың азаматтық істер бойынша сот алқасында мұрагерлерге қатысты іс қаралды. Онда бір үйдің балалары мұраға таласып, дау үш жылға дейін шешімін таппаған. Сот отырысында төрағалық еткен судья тараптарға дауды медиация тәртібімен шешудің тиімділігін айтып, түсіндірді. Нәтижесінде үйдің бір баласына мұрагерлік құжаттары ресімделіп, дау өз шешімін тапты.
Жалпы, былтыр медиативтік шараларды қолдану арқылы облыс бойынша барлығы 460 азаматтық іс қаралды. Оның ішінде 7 іс сот медиациясы арқылы шешілді. Бітімгершілік келісім арқылы барлығы 385 азаматтық іс қаралды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support