Жастар ұйымдары жанданады

115

Жастар – мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі. Елімізде жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Соның бір көрінісі – жастар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдар қатарының артуы. Елімізде жастар қоғамдық бірлестіктерінің саны да жыл санап өскеніне қарамастан, құрамында мыңдаған жас бар деп қағазға хаттағанымен, шағын топ қана іске тартылған. Сондықтан болар, көпшілік арасында жастар ұйымдарының жұмысы нәтижелі емес деген пікір қалыптасқан.

Жақында өңірлік коммуникация қызметінде «Жастар ұйымдарының рөлі» тақырыбында өткен брифингте осы мәселелер кеңірек талқыланды.
– Жастар ұйымдары көп деп айтуға болады. Әрине, жекелей қарастыратын болсақ, ешбір шаруа тындырмай, жай ғана тіркеліп қойған жастар ұйымдары да бар. Олар жайлы сөз қозғап жатудың қажеті жоқ шығар. Ал түрлі мемлекеттік жобаларға қатысып жүрген жастар бірлестіктерінің жөні бөлек. Қазір облыс көлемінде «Жас еріктілер» ұйымы құрылуда. Бұл ұйым жастар белсенділігін арттырып, сапалы жұмыс жүргізеді деп сенеміз, – деді «Жаңа-Ру» жастар коалициясы қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Серікбол Берікқожа.
Жалпы, қоғамдық ұйымдарының рөлін арттыру туралы мәселе көтерілгелі біраз болды. Барлық мәселе бірлестіктердің жұмысын жүргізуге берілетін қаржыға келіп тіреледі. Жұмыс жандану үшін қосымша қаржыландыру тетігін табу керек. Осы жайттардың барлығының жауабы Елбасы ұсынған Ұлт жоспарында көрініс тапқан. «Президент белгілеп берген 100 нақты қадамды жүзеге асыру арқылы барлық үкіметтік емес ұйымдар мәселесі шешімін табатын болады», – деп өз пікірін білдірген жастар ұйымы қауымдастығының төрағасы Дастан Исламбекұлы осы бағытта жұмысты ширату керектігін баса айтты.

Айша Жақсыберген,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.