Спорт және туризм

Қарсыластарын алып та, шалып та жыққан

Қарсыластарын алып та, шалып та жыққан

Нұрбол Әшім халықаралық жарыс жеңімпазы атанды

Қырғыз елінің Бішкек қаласында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир болып өтті. Байрақты бәсекеде Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғыз елінен 700-ге жуық жас балуандар бақ сынады. Тараз қаласындағы облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатының спортшысы Нұрбол Әшім осынау байрақты бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, алтын жүлде иеленді. Ол бұған дейін грек-рим күресінен облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып, халық­аралық додаларда жүлде­герлер қатарынан көрінген. Атап айтсақ, 2015 жылы Ақмола облысы, Жақсы қаласында 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Білекті балуанды бәсі жоғары жарыстарға бап­таған жаттықтырушысы – Рүстем Ахметов.

Толғанай Бекетқызы, журналист.