Зенькович «Тараздың» жейдесін киді
Зенькович «Тараздың» жейдесін киді
Ал жерлестеріміз жаңа маусымға дайындық ретінде «Ягодинамен» жолдастық кездесу өткізбек
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымына еліміздің бетке ұстар клубтары өз құрамдарын жаңалап, дайындықты бастап кетті.
«Тараз» футбол клубының жейдесін белоруссиялық «Батэнің» түлегі Игорь Зенькович киді. Бұған дейін премьер-лига ойындарында оралдық «Ақжайықтың» сапында жарқыраған Зенькович «Шахтер» сапына ауысқан соң УЕФА чемпиондар лигасының електік кезеңінде өзі қанатын қатайтқан «Батэнің» қақпасына шешуші голдардың бірін соққан болатын. Премьер-лигада «Ақжайық» пен «Шахтерден» бөлек «Ақтөбе» және «Тобыл» клубтарында тер төккен белоруссиялық шабуылшы 98 кездесуде 35 мәрте мергендігімен көзге түскен. «Тараз» сапында бұдан басқа өзгерістер бар. Айталық, өткен маусымда команда намысын қорғаған украиналық легионер Дмитро Башлай мен Эдуард Сергиенко «Таразбен» қош айтысты. Сергиенко премьер лигаға қайта оралған оралдық «Ақжайық» командасына ауысса, Башлайдың жоспары әзірге белгісіз. Сонымен қатар, «Жетісу» командасының намысын қорғаған жартылай қорғаушы Марат Шахметов «Тараз» футбол клубымен келісімшартқа отырды. Жаңа маусымға соны серпінмен кірісуге ниетті «Тараз» футбол клубы оқу-жаттығу жиыны барысында алғашқы кездесуді Түркияда сербиялық «Ягодина» командасына қарсы өткізуді көздеп отыр. Сол жиын барысында өзге де ойыншылар команда сапына қосылып қалуы ықтимал. «Ягодинаға» қарсы ойын ақпанға жоспарланған.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».