Мәдениет

Қолөнер туындылары табиғи шикізаттан жасалды

Қолөнер туындылары табиғи шикізаттан жасалды

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылуда. 25 жылдың белесінде әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елінің қатарына ену үшін әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, жүзеге асырды. Әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Соның бір дәлелі – «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуі құқығына ие болуы. 2017 жылы өткізілетін EXPO көрмесіне еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынған. Яғни, онда баламалы энергия көздері және «жасыл» технологияның тиімділігі насихатталады. Екінші жағынан алғанда, бұл шетелдік инвесторларды ел экономикасына қаржы құюға ынталандыратын шара болмақ. «Астана. ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу идеясын қолдау мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» «Жастардың қуаты – болашақтың қуаты» атты көрме ұйымдастырды. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық педагогикалық колледжінің көрме залына оқу ордасының білімгерлерінің қолынан шыққан туындылар қойылды. Үздік қолөнер үлгілері келген қонақтарға таныстырылды. – Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – қолөнер туындыларын көпшілікке таныстыру арқылы ұлттық ерекшелігімізді насихаттау. Көрмеге қойылған бұйымдар – колледж студенттерінің еңбегі. Барлығы дерлік табиғи заттардан жасалған. Колледж қолөнер шеберлерінің жұмыстарының барлығы «Астана. ЕХРО–2017» көрмесіне қатыстырылуы мүмкін, – дейді оқу ордасының «Бейнелеу өнері» пәндік циклдық комиссиясының меңгерушісі Рыскүл Тойғанбаева.

Айша Жақсыберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.