- Advertisement -

Керей мен Жәнібек бейнесі

201

- Advertisement -

отандық анимациядан орын тапты

Бүлдіршіндер танымына лайықталған «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильмі еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша жасалып, экранға жол тартты. Бұл анимациялық фильмнің алғашқы нұсқасы Францияда өткен Канн фестивалінде көрсетілген болатын. Бұл жұмысқа жауапты «TAMED REALITV» дистрибютерлік компаниясының айтуынша, аталмыш мультфильмді экранға шығаруға АҚШ, Германия, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері қызығушылық танытуда. Алдағы наурыз айында қазақ мультфильмі аталған елдердің белді кинотеатрларында көрсетілуі мүмкін.

«Қазақ елі» мультфильмі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейген, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды. Олардың тайға мінуді үйреніп жүріп қарақшыларға тап болғаны, қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы балаларды ерлікке жетелейді.
Туынды желісінде Қазақ хандығын құрған сұлтандарға ұстаз болған Қара батырдың Керей мен Жәнібекке садақ атуды, қылыштасуды, атпен шабуды, жауынгерлік өнерді үйретуі кеңінен көрініс табады. Жауынгерлік тәсілді жақсы меңгерген бұл батырлардың Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, түрлі білгір, ғұламалардан дәріс алуы, ерлікке толы өмірлері нанымды баяндалады.
Осы эпизодқа арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев секілді белгілі әншілердің орындағаны да бүлдіршіндерді қызықтыра түсері анық. Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры, «Шымкент-шоу» театры дубляж жасауға ат салысқан.
Балғындарға арналған «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Томпақ» сериалдары да көрермендер көңілінен шығып отыр.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support