Саясат

Ертеңге деген сеніміміз нығайды

Ертеңге деген сеніміміз нығайды

Гүлжан Тілеубердиева, №7 Трубицын атындағы мектеп-гимназиясының директоры.

Елорда төрінде өткен еліміздің бас партиясы «Нұр Отанның» кезектен тыс XVII съезі делегаттардың бәрінің көңілінен шықты деп нық сеніммен айта аламын. Билік партиясының «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды тұғырнамасы бекітілген жиынға екі мыңнан астам елге танымал азаматтар бас қосқан маңызды кездесуде еліміздің болашағы жарқын болатын­дығына жан жүрегімізбен иландық. Партиямыздың сайлауалды тұғырнамасы елдік мүддені, бірлікті, берекелі тірлікті қамтыды. Мемлекеттің экономикасының артуына да баса назар аударылды. Елбасы, партияның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құрылыс материалдарының бағасы сол күйінде қалып отыр. Ал Қазақстанда шығарылатын материалдар бағасы қымбаттамауы керек... Сондықтан, алыпсатарлардың алдын алу керек. Жергілікті атқарушы органдар оларды қадағалауы тиіс. Және де қазақстандықтар үй, пәтер алса, оларды ауыр-ауыр жиһазға толтырып әлек болады. Ал бай жапондықтардың үйлеріне қараңыздаршы. Үйлері жартылай бос, жиһаздары жеңіл, адамның өмір сүруіне ыңғайлы. Сондықтан, біз қарапайым халыққа барлығы тұрақты екендігін айтып, түсін­діруіміз керек» деген сөзі баршамызға ой салды. Бас партияның сайлау­алды тұғырнамасы бес институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бағыттарын еске сала отырып әзірлегені де көкейге қонды. «Бұл қиындықтан да өтеміз деген ойдамын. Мүмкін, бізге бұған үйрену керек шығар. Бұл күрделі кезең ұзаққа созылады деп ойлаймын. Бұл жақсы да шығар, мүмкін. Біз сіздермен бірге қажетті іс-шаралар қабылдауымыз керек» деген Елбасының еліміздің болашағы үшін нақты қадамдар жасауға шақырған жалынды сөзі де жігерлендірді, қанаттандырды.

Меркі ауданы.