Бір апта өтті. Атқарылған жұмыстың ауқымы қандай?
Бір апта өтті. Атқарылған жұмыстың ауқымы қандай?
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВПЕН әңгіме
– Қуандық Тұрғанқұлұлы, Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғанына, міне, бір апта уақыт өтті. Ортсайлаукомның осы уақыт ішінде атқарған жұмысы туралы айтып берсеңіз. – Шынымен де, бір апта уақыт өтті. Десек те, осы уақыт аралығында біз біршама жұмыс атқардық. Біріншіден, комиссия отырысында сайлау үдерісін ұйымдастыру үшін қажетті бірінші кезектегі нормативтік-құқықтық актілерді бекіттік. Сонымен қатар, біз 18 шет мемлекеттің Ортсайлаукомдарының бірінші басшыларына шақырулар жіберіп, халықаралық байқаушылардың қызметін регламенттейтін құжаттар қабылдадық. Екіншіден, сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді. Бұл жиында біз алдағы электораттық науқанның барлық қырларын нақты талқыладық және электораттық үдерістің барлық қатысушыларына сайлау заңнамасы бойынша егжей-тегжейлі түсінік бердік. Үшіншіден, халықты алдағы сайлау туралы ақпараттандыру жөнінде ауқымды жұмыс басталды. Аталған жұмыс шеңберінде сайлаушылардың сайлау күні дауыс беруге келуі үшін қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін арттыруға баса назар аударылады. – Еліміздегі сайлаушылар саны қанша болды? – «Сайлау туралы» Заңға сәйкес әр жылдың 1 шілдесіне және 1 қаңтарына қарай жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар туралы мәліметтер береді. Сондықтан, қазіргі уақытта барлық аумақтық сайлау комиссияларында және Ортсайлаукомда сайлаушылар тізімдері бар. Тізілімге сәйкес, еліміздегі сайлаушылар саны 9 миллион 792 мың адамды құрайды.
Қазіргі кездегі басты міндет – еліміздің әрбір азаматы өзінің конституциялық құқығын пайдалануы үшін әрбір учаске бойынша сайлаушылардың дұрыс тізімдерін қалыптастыру. Бұл ретте сайлаушылар тізімдерін жасау – үздіксіз үдеріс екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты тізімдер біз бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлаушылардың танысуы үшін сайлау комиссияларына 28 ақпанға дейін ұсынылады. Сонымен бірге, сайлаушылар тізімдерін толықтыру жұмысы дауыс беру күні де жүргізіледі. Сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына жергілікті атқарушы органдар жауапты. Және бұл міндетті шешу үшін барлық ресурстар қолданылып отыр. Сонымен қатар, еліміздің әрбір азаматын азаматтық белсенділік танытуға шақырғым келеді. Осыған байланысты біз сайлаушыларға арналған тиісті үндеу қабылдап, жария еттік. 4 наурыздан бастап өз сайлау учаскесіне барып, өздерін сайлаушылар тізімдерінен тексерулеріне болады.
– Ағымдағы экономикалық жағдаят тұрғысында талқыға түсетін мәселелердің бірі қаржы мәселесі болып табылады. Бізге сайлау науқанына жұмсалатын шығыстар құрылымы туралы айтып бере аласыз ба? – Мәжіліс депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды өткізуге 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге қажет етіледі. Электораттық науқанға жұмсалатын қаражаттың ішіндегі шығындардың 53%-ын сайлау комиссиялары мүшелеріне төленетін еңбекақы құрайды. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметші болып табылатын сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төленбейді. Бірақ, оларға мереке және демалыс күндеріндегі жұмысы үшін үстемеақы төленеді. Жалпы, сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеу Еңбек кодексіне сәйкес нақты жұмыс уақыты үшін табельге сай жүргізіледі. Ал екінші негізгі маңызды шығыстар тармағы – бұл мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін жүргізуге арналған шығындар. Ол – 17,4 пайыз. Еліміздің заңнамасына сәйкес мемлекет кандидаттарға БАҚ-та ең төмен көлем мөлшеріндегі үгіт жүргізу үшін қаражатты тең бөлу кепілдігін береді. Әрбір кандидатқа теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуге, радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге, сондай-ақ, баспа басылымдарында көлемі 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялауға қаражат беріледі. Жалпы алғанда, тек осы екі бап бойынша ғана электораттық науқанға бөлінген қаражаттың 70%-дан астамы жұмсалатын болады. Шығыстардың қалған бөлігі – бюллетеньдерді басып шығаруға, дыбыс және бейнероликтерді әзірлеуге және оларды кейіннен теледидар мен радиода айналдыруға, билбордтарды, сыртқы жарнаманың әртүрлі элементтерін орналастыруға және басқаларына жұмсалады. – Алдағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясы қандай мәселелерге баса көңіл бөлмек? – Алдағы кезеңде біз үш бағытқа барлық күш-жігерімізді бағыттаймыз. Бірінші бағыт – саяси партиялармен жұмыс. Сайлауға қатысуға ниет білдірген барлық саяси партиялар өздерінің съездерін өткізіп, партиялық тізімдерін бекітуге және бізге ұсынуға тиіс. Бұл ретте, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларынан өңірлік филиал өкілдерінің съезд жұмысына қатысуы міндетті шарт болып табылады. Осыдан кейін біз тізімге енгізілген әрбір адамды тексеруді ұйымдастырамыз. Аталған ресім Конституциямызда және сайлау заңнамасында регламенттелген. Конституцияға сәйкес жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алатынын естеріңізге сала кетейін. Сондай-ақ, аталған адамдар салық және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тексеріледі. Тұтас алғанда, кандидаттарға қойылатын талаптар мен оларды кейіннен тексеру жалпыға бірдей әлемдік тәжірибе болып табылады және демократиялық елдердің барлығында қолданылады. Барлық тексерулер аяқталған соң, біз саяси партияның тізімін тіркейміз және оған сайлау алдындағы бәсекеге жол беріледі. Екінші бағыт – сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру. Осы күндері барлық жергілікті баспа басылымдарында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің тізімі жарияланды. Кейбір учаскелерде әртүрлі себептерге байланысты бос орындар болды және біз заң нормаларына сәйкес мәслихаттармен бірлесе отырып оларды жаптық. Енді округтік және аумақтық сайлау комиссиялары бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, жақында біз барлық өңірлерде сайлаушылардың өз учаскесінің орналасқан жері туралы алдын ала ақпарат алуы үшін сайлау учаскелерінің шекараларын жариялауды ұйымдастырмақпыз. Үшінші бағыт – әдістемелік қамтамасыз ету. Біз барлық өңірлерде сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинарлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа республикалық БАҚ-тар басшылары үшін Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша үгіт науқанын өткізу мәселелері жөнінде семинар ұйымдастырылатын болады. Аталған семинар барысында интернетте және әлеуметтік желілерде үгіт жұмысын жүргізу мәселесі жеке қаралады. Сондай-ақ, үгіт жұмысын жүргізу мәселелері бойынша сайлау науқанына қатысатын саяси партиялардың өкілдеріне арналған тренинг де өткізіледі. Жалпы, біздің негізгі назарымызды аударатын мәселелер топтамасы, міне, осындай. Осылармен қатар, халықаралық ұйымдармен халықаралық байқауға қатысты жұмыс жүргізілуде. Сайлау үдерісінің барлық қатысушыларына және тағы басқаларына арналған әдістемелік құралдар басып шығару мәселесіне баса көңіл бөлініп отыр. – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
(«Егемен Қазақстан», 28 қаңтар, 2016 жыл).