Астана халықаралық қаржы орталығы
Астана халықаралық қаржы орталығы
Елбасы 5 институционалды реформаны жүзеге асыру аясындағы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 70-қадамында – Астана ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы негізінде халықаралық қаржы орталығын құру міндетін атап көрсеткен. Астана қаржы орталығы Дубай қаржы орталығының тәжірибесі негізінде құрылатын болады. Неге Дубай моделі? Әлемде 80-ге жуық қаржы орталығы бар. Экономистер әлемдік қаржы орталықтарын ғаламдық және аймақтық деп екі топқа бөледі. Қазақстандық мамандардың Дубай қаржы орталығының моделін таңдауы кездейсоқтық емес. Өйткені, Дубай мен Астананың қарқынды дамуында ұқсастық бар әрі екеуін соңғы жылдардағы нығайған экономикалық қызметтестік жақындастырады. Дубай – Таяу Шығыстағы қарқынды дамушы қаржы, сауда және туристік орталығы. Өсу қарқындылығы жағынан Қытайдың Шанхайымен теңеседі. Дубай қаржы орталығы «Dubai International Financial Centre» (DIFC) – салық жеңілдігі қарастырылған оффшорлық аймақ 2004 жылдан бері табысты қызмет етіп келе жатыр. Оффшор деп отырғанымыз – салықтарды оңтайландыру әдістерінің бірі. Ұлыбританияның қаржы қызметтері агенттігі жасаған өзінің азаматтық және шаруашылық заңы, жеке соты және арбитражы бар. Сот төрешілері Англия, Сингапур, Гонконг сынды елдерден шақыртылады. Осының барлығы Дубайды табысты әлемдік қаржы және заң орталығына айналдырды. Олар мұндай жетістікке 10 жыл уақытта жетті. Дәл осы модельді негізге ала отырып құрылатын Астана халықаралық қаржы орталығы мыңдаған жұмыс орындарын құрып, бюджетке кіріс әкеледі. Шетелдік инвесторларға барынша қолайлы инвестициялық жағдай жасай отыра, экономиканы әртараптандырады. Қазақстан экономикасына қосымша шетелдік және отандық қаржы ресурстарын тартады. AIFC айналымдағы шетелдік бағалы қағаздар санын көбейту арқылы халықтың жеке жинақ салымдарын тартуға мүмкіндік тудырады. Болашақта Астана халықаралық қаржы орталығы толыққанды оффшорлық аймақ болады деп күтілуде. Қаржы орталығын құру туралы Парламентпен қабылданған заңда орталыққа тіркелген компанияларға корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы және мүлік салығы бойынша 50 жылға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай қолайлы салықтық жеңілдіктер бизнестің жандануына үлкен септігін тигізеді. Дубай халықаралық қаржы орталығының тәжірибесіне сүйенсек, орталық қаржы айналымының үштен екі бөлігін қаржы институттары, қалғанын қызмет көрсету саласы (аудит, заңгерлік кеңестер, мейманханалар) қамтамасыз етеді екен. Аталған орталық тек қана қаржылық емес, сонымен қатар, халықаралық арбитраждық орталық болады. Бұл заңгерлік қызметтер көрсетіліп, сотпен қорғауға мүмкіндік беретін, іскерлік белсенділікті ынталандыратын аймақ болмақ. Сонымен, Қазақстанның әлемдік деңгейде өз орнын алуына керемет мүмкіндігі бар. Өйткені Қазақстан қарқынды дамушы мемлекет, геополитикалық және инвестициялық жағдайы қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, Астана халықаралық қаржы орталығының құрылуына қажетті барлық алғышарттар бар. Ендігі кезекте қаржы орталығының ауқымды да пәрменді жобаларды жүзеге асырып, табысты жұмыс бастауын күтеміз.
Гүлмира Амалбекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты.