Саясат

Жастар – үлкен күш

Жастар – үлкен күш

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында партияның «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі аймақтық жоспардың «Жастарды қолдау» бағыты бойынша сарапшы топ отырысы өтті. Оны сарапшы топ жетекшісі Гүлжан Тілеубердиева ашып, жүргізіп отырды. 

Отырыста жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайы және елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бойынша Елбасы бастамаларын іске асыруға жастарды тарту туралы мәселелер қаралды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Фархат Әбдіраймов, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Анарбекұлы өңір жастарына қатысты жайттарды қозғап, өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жиында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының директоры Руслан Жайшаев іскер жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы әңгімелесе, облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Набира Симанова келеңсіздіктердің алдын алу үшін жасөспірімдер тәрбиесіне баса назар аудару керектігін алға тартты. – Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Жалпы, облыс бойынша мектептердегі оқушыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші 47,1 пайызды құраса, колледждердегі білімгерлердің үйірмелер мен спорттық секцияларға қамтылу деңгейі 30 пайызды құрады, – деді Набира Қапарқызы. Сонымен қатар, ол жыл сайын тәрбие саласына жауап беретін мамандардың саны артып келе жатқанын айтып, бала тәрбиесіне ұстаздармен бірге ата-ана жауапкершілігін де барынша нығайту керектігін тілге тиек етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».