- Advertisement -

Жол-көлік оқиғасы 41 пайызға азайған

64

- Advertisement -

Бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 30-қадамында жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруға тапсырма берген болатын. Жергілікті полиция қызметінің өкілеттілігіне қоғамдық тәртіпті қорғау тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі кіретіні нақтыланған. Жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілетіні көрсетілген.

Аталған реформаны жүзеге асыру және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің барлық өңірінде 1 қаңтардан бастап жергілікті полиция қызметі құрылып, іске кіріскен болатын. Құрылғанына бір ай толмаса да, аталған полиция қызметі іске білек сыбана кірісіпті. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен «Жергілікті полиция қызметі. Қоғамдық тәртіпті сақтау» тақырыбындағы брифингте облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Бейсеев облыс аумағындағы әкімшілік құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіп күзеті, жол қауіпсіздігі мен тұрмыстық қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндетін түсіндірді. Бақытжан Халилұлының айтуынша, жыл басынан бері 124 бұзақылық анықталып, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру мен ішімдік ішудің 313 фактісі тіркеліпті. Соның ішінде 136 заң бұзушылық тыйым салынған орындарда темекі шегуге қатысты екен. Сонымен қатар, 9 мың жол ережесін бұзу фактісінің ішінде әкімшілік заң бұзу бойынша 90 адам көлікті мас күйінде жүргізсе, 2527 азамат көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырған. 1453 жүргізуші рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлескен. Қауіпсіздік белбеуін тақпауға қатысты 1675 факті тіркеліп отыр.
Жүргізілген профилактикалық жұмыстар нәтижесі бойынша облыс автожолдарындағы жол-көлік оқиғасының орын алуы 41 пайызға азайып отыр, – дейді Бақытжан Бейсеев.
Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көкейдегі сауалдарын қойып, дәйекті жауапқа қанықты.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support