Көзден кетсе де, көңілден кетпейді
Көзден кетсе де, көңілден кетпейді
Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған азамат, үлкен-кішімен бірдей сыйласып әзіл-қалжыңы жарасқан ақ тілекші ағамыз, газет ісінің қара нары атанған Қырықбай Мақаметжанұлының өмірден өткеніне де екі жарым жыл болыпты. Арсыз ажал кімді аяған, соңғы жылдардың көлемінде жарты ғасыр отасқан асыл жеңгемізден,балаларының ішіндегі ең бір аяулысы, бауырмал да қамқор қызынан айырылғандағы жан жарасы дендей келе өзін де төсекке атып ұрып, ақыры алып тынған болатын. Егер тірі болғанда ертең ол сексен жасқа толар еді.
Қ.Мақаметжанұлы1936 жылы 2 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінен соң, 1955 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға қабылданады.
– Қырықбай ішіміздегі ең белсендіміз болатын, – деп еске алушы еді оның студенттік жылдардағы досы, біздің «Ақ жол» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен марқұм Рахметілда Құдабаев ағамыз. – Біздің курстағы ұзын бойлы, сыптығырдай сидаң көркем жігіт еді. Өзі пысық, қайдағы қызықты тауып айтатын өткірлігімен көзге жиі түсетін. Жиналыстарда сөз алып қисынды пікірлерін қаймықпай ортаға салып тұратын. Арамыздағы бізден ересек Рамазан Сағынбеков (кейін Қарағанды облыстық газетінің редакторы болған) тәрізді белсенді жігіттермен бірге жүріп- тұрды. Жоғары оқу орнын үздік бітірген соң Қырықбай университеттің жолдамасымен Шығыс Қазақстан облыстық газетіне қызметке жіберілген болатын... Бірер жылдан соң Өскеменнен тал шыбықтай майысқан Майнұр атты жеңгемізді қолтықтап ағамыз туған өңірге бет түзеді. Облыстық «Еңбек туы» газетінің Шу, Мойынқұм аудандары бойынша меншікті тілшісі болып журналистік қызмет жолын одан әрі сабақтайды. Кейіннен Қордай ауылына орнығып, аудандық газеттерде зейнетке шыққанша еңбек етті. Сол кезеңде онымен талай жылдар қатар жұмыс істеген болатынбыз. Қырекеңнің журналистік шеберлігі, жазу мәнері өзгеше еді. «Еңбек туының», «Қордай шамшырағының» алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдардағы тігінділерінен Қордай өңіріндегі жасампаздық істер, еңбек көрігін қыздырған еңбек адамдары туралы жазған оның очерктері мен мақалаларын көптеп кездестіруге болады. Қырықбай ағамен әріптестік қана емес, туыстық қарым-қатынаста тығыз араласып тұрған едік. Ол біздің Сағымбек әулетіне нағашы жұрты ретінде үлкен құрметпен қарайтын. Майнұр жеңгемізбен әзіл-қалжыңы жарасып құп қосылған-ды. Екеуі лайықты ұл-қыздарын өсіріп тәрбиеледі, он шақты немере де сүйді. Бүгінде олардың да алды ат жалын тартып мініп, ата жолын жалғастыруда. Әріптес ағамыздың рухына пайғамбардың шапағаты жаусын, жаны жәннатта болсын.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Қордай ауданы.