«Ақ кеме» желкенін жая алды ма?
«Ақ кеме» желкенін жая алды ма?
Облыстық қазақ драма театрында «Ақ кеме» спектаклінің премьерасы өтті. Алып ұшып біз де бардық. Енді ше? Айтматов әлемінен сыр шерткелі тұр емес пе?! Репертуардағы талғам мәселесі ақсап тұрған сәтте, «Ақ кеменің» қойылғаны жаңалық болды, расында. Жақсы шығарманы кез-келген театр сахналауға құлықты. Ол сәтті шығып жатса, көрерменнің де көзайымына айналып шыға келмек.
Оқиға желісі зерделі баланың қиялынан туған аяулы арманымен астасады. Ол адамдар арасындағы қатыгездікті санасына сыйдыра алмаған сәби жүрегімен сан мәрте қуанып, сан рет мұңаятын бала. Оның ақша бұлттардың ар жағына апарып, жасырып жүрген арманын, толғанысын жеткізу екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Сондықтан, бұл жерде режиссер басты образ – бала бейнесін ашу арқылы ғана, қойылымды сәтті алып шығуы тиіс болатын. Ал, біздің баламыз кім болды? Әртіс – Мұрат Құсайынов. Баланың рөлін ересектердің ойнауы еліміздің театрларында сирек кездеспейді. Мұраттың да актерлік қабілетіне дауымыз жоқ. Іс-әрекеттері жас баланың кейпін танытқанмен, аузын ашып, сөйлеген сәтінде сезімтал жүрегінің сүзгісінен елеп-екшей өткізіп отырған сеніміңнің күл-паршасын шығарады. Дауыстағы дыбыстық артикуляцияны сезінген сәтте, бүкіл қойылым мәнін жоғалтып жібергендей болады. Ал, шын мәнінде, баланың ойымен, баланың қиялымен өмір сүріп отыруға тиіс көрермен енді міне, енді әне тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршінмен бірге қуануы керек болатын. Осының әсерінен күйкі тірліктің, қоғамдағы жан түршігерлік оқиғалардың, кеңес дәуірі мен қазіргі кезеңдегі өмір тынысының сыр-сипатын шынайылықпен ашып беруді мақсат еткен пьеса өз мақсатына жетпей қалғандай көрінді бізге. Бұған қарап, қойылым өте сәтсіз шықты дей де алмаймыз. Өйткені, «Ақ кеме» шығармасының өзі бастан-аяқ тұтас сюжетке құрылмаған. Тек ата-анасын сағынған баланың рухани болмысы ғана бар. Ал, оны сахнаға шығару, әлгінде айтқанымыздай, оңай дүние емес. Дейтұрғанмен, режиссер Әлия Баймаханова, ең алдымен, қалыптасып қалған стандарттық тәсілдерден шығандай тартып, басқаша бір форма жасауға ұмтылған сыңайлы. Онысы көрініп-ақ тұр. Спектакль декорацияға өте бай. Әсіресе, қаныпезер Оразқұлдың бедеу зайыбы Бекейді ұрып-соғатын жері көпшіліктің көз алдында өрбіп жатпаса да өте сәтті шықты. Бекей демекші, «Ақ кеменің» өзін оқып отырып, сұлулығына кез-келгенді сүйсіндіретін Бекейдің бейнесі де бұл спектакльде ашылмай қалды. Есесіне, «Кемемен бірге неге жоғалмайсың?» деп, күн көрсетпейтін аналық мейірімнен жұрдай әжесінің образын Ерсін Қалыбаева сәтті сомдап шықты. Режиссерлік шеберлік сарын осы жерде елес береді. Өгей қызды Оразқұлға сабатып отыра беретін, Момын шалдың арашалауына мүмкіндік бермейтін кемпірді көрермені шынында да жек көріп отырды. Жарық дүниеге келген күннен бастап атасы Момын аялауында өсетін баланы көбіне ақыл айтып, тек жақсылыққа, адамгершілікке баулып отырмаушы ма еді? Ұлттық салт-сананы, ән мен жырды жиі құлағына құйып отыратын шал мен баланың байланысы шеберлікті қажет етіп тұр. Режиссер, ең болмағанда осы шалдың аузына біраз дүниені салып беруі керек еді. Бір ғана сөмке әперіп, оны алғанын қайта-қайта айқайлап айта берген баланың әрекеті де оның образын толық аша алған жоқ. Тек «Ақ кеменің» ішінен шыққан әкесінің мұнымен ойнауы, әңгімесін тыңдауы ғана баланың қиялындағы дүниелерден аздап хабар бергендей болды. Ал, бойында иненің жасуындай инабаттылық жоқ Оразқұлды Ұлан Абзалиев сәтті алып шықты. Тек өктемдік жасап, әлі жеткенді, Момын шалды және оның қызы, өзінің сүйіктісі Бекейді аяусыз езгілеуді ғана білетін бұл бейне мүйізді маралды жайратып салғанымен ашыла түсті. Осындай әрекеттерге әбден күйген бала өзінің қиялындағы өмірді көз алдына елестеткендей болады. Бәрібір, амалы таусылған баланы шарасыздық жеңіп, балыққа айналып кетеді... Міне, осылай, сәтті, сәтсіз, сәтті, сәтсіз... болып өріліп отырған қойылым біртұтастықта көріне алмады. Ата-ана мейіріміне шомылып, құшағында өспеген, туа сала өксік жұтып, көзтүрткіге ұшыраған бала, бәрібір, біздің көз алдымызға келмеді. Залдағы көрермен шуға басып, бір деммен көре де алмады. Бекейдің таяқ жеген сәтінде, бір бала көре алмай жүргенін бетіне басқан кемпірдің әрбір әрекетінде, баланың мектепке барамын деген қуанышын бөлісе алмаған адамдарды, табиғат ананың сыйы маралдарды оққа байлап, ата бастаған кезінде көзімізге келіп қалған жасты көрсетпей сығып отыруымыз керек еді-ау. Бәлкім, мұның киноға ғана сұранып тұрған дүние болғандығынан шығар?! Сыналмай шыңдалмайтының рас. Көрермен ретіндегі пікірімізді көкейге түйіп қалмай, тарқатып отырғанымыз да сондықтан. Талғат Сұлтангереев, ҚР мәдениет қайраткері: – Спектакль өте қарапайым өтті. Басты рөлдегі бала «Мен портфель алдым» дегенді алты рет айқайлап айтып жүріп алды. Мен соның біреуіне ғана сенгендей болдым. Соңы, тіпті, күлкілі шықты. Оның өзін бір-екі рет қана айтқызса жеткілікті еді. Режиссер бұл повесті сахналау арқылы баланың қиялымен көп нәрсе жасауға мүмкіндігі болды. Бірақ оқиғаның жеке-жеке өрбуі, шиеленістің болмауы көзге анық көрініп тұрды. Ал, сол залға осы повесті оқыған қанша адам келді деп ойлайсыз? Оқымаған адам оны сөзсіз түсінбей кеткені анық. Актерлердің біразы нанымсыз ойнады. Әсіресе, Бекейдің рөлін алып шыға алмады. Өзінің енесі болып жүрген жанға екі рет қатты жекуі, орамалды екі рет лақтыруы өте сәтсіз шықты. Жалпы спектакль сәтсіз дүние болды дей алмаймын. Бірақ, қуана жеткізер жетістігінен гөрі «әттеген-айлары» көп кездесіп жатты. Асқарбек Сейілхан, режиссер: – Атамзаттың Айтматовы атанған әлемдік тұлғаның бұл шығармасы, меніңше, киноға ғана арналған. Мұны бір кездері Әуезов театры да, Қаллеки театры да қойды. Білетінім, Әуезов атындағы республикалық мемлекеттік академиялық театры ол кезде жұмысқа жаңадан алынған жас баланы ойнатты. Ал, Мұрат Құсайынов отызға таянған жігіт ағасы. Ол жеті жасар баланы қалай ойнайды? Әлия жастығына салып, көп нәрсені ескермеді. Басындағы «вагон-лавка» спектакльдің біраз уақытын жоғалтып алды. Режиссер оқиғаны басқаша бір шеберлікпен бастап кеп жіберуі керек еді. Бұл жерде декорацияны жасаудағы суретшінің ерен еңбегі жатыр. Режиссер осыны пайдалана алмады.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.