- Advertisement -

Жастардың құлшынысын арттырады

118

- Advertisement -

Айгерім Қойгелді,
тәрбиеші.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын мұқият оқып шығып, онда қазақстандықтар алдына қойылар мақсат, межелердің екшеліп, нақтыланғанына көз жеткіздім. Себебі, мақаланың жазылуына Елбасы өзі ұсынған Ұлт жоспарындағы 5 институттық реформа – «100 нақты қадамның» жүзеге асырылуы жөніндегі тың ойлары арқау болған. Ұлт Көшбасшысының ел экономикасын дамытып, қоғамды түбегейлі жаңғырту жөніндегі бастамалары көпшілік көңілінен шыққанына сенімдімін. Аталған реформалардың биыл тәжірибе жүзінде іске асырылуы мемлекет үшін маңызды деп есептеймін. Өйткені, Мемлекет басшысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс-мәдениетін бұрынғыдан да жақсарту арқылы елімізді әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосу. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы тұра білу шараларын ұстанумен қатар, Қазақстанды Мәңгілік Ел ету.
Елбасының аталған құнды еңбегінде «Біз «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына ие болдық. «ЕЛ» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді. «Мәңгілік Ел» идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан. Жасампаз қазақстандық патриотизмнің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық. Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден-дәуірге ұластырып отыру керек» деп атап көрсеткен. Ендеше, Отанымыздың болашағын баянды етіп, Елбасының салиқалы саясаты мен сара жолын жалғастыру, мемлекетіміздің абыройын асқақтату – біз секілді жастардың қолында. Бұны Президентіміздің жастарға үнемі сенім арта сөйлеуінен-ақ аңғаруға болады. Мен өзім секілді жастардың білімі мен жаңашылдыққа деген құштарлығын қуаттай отырып, мемлекет мақсат еткен мұраттарға қиналмай жетеміз деп ойлаймын. Ол үшін жастар Елбасы артқан сенімге лайық болып, қойылған талаптардан шыға білуі тиіс. Осы ретте өзім еңбек ететін ұжым жайлы айтар болсам, мен қаладағы №3 балабақшадағы жас тәрбиешілердің бірімін. Біз балаларды бақылап қана қоймай, олардың ой-қабілетінің артуына, саналы азамат болып қалыптасуына тер төгіп, мейлінше мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасасуына күш салудамыз. Себебі, мемлекет байлығы – саналы да тәрбиелі ұрпақ. Ал біздің мақсатымыз – Елбасымен болашақтың іргесін бірге қалап, мәңгілік мұраттарға қол жеткізу.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support